11.06.2026
Жас архившілердің Жазғы мектебінің қатысушыларына практикалық воркшоптар өтіп жатыр
Астанада «Digital Archive EXPO» ІІІ Архившілер конгресі аясында жас архившілердің Жазғы мектебінің қатысушыларына практикалық воркшоптар өтіп жатыр. Бұл интенсив цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуірінде архивші қандай дағдыларға ие болуы керек деген сұрақ төңірегінде жас мамандардың басын қосты.
Жас архившілер IX Халықаралық Жазғы мектебінің қатысушылары үшін үш бірдей практикалық воркшоп ұйымдастырылды. Дәстүрлі дәріс форматынан айырмашылығы бағдарлама практикалық зертханалар сериясы ретінде жүзеге асты: кіріспе бөлім мен кейстерді талқылаудан кейін қатысушылар 20 адамға дейінгі шағын топтарға бөлініп, алған білімдерін бірден тәжірибеде қолданды.
Бағыттардың бірі – ұйымдардың ведомстволық архивтеріндегі цифрлық фотоқұжаттардың құндылығын сараптауға арналған воркшоп. ҚР Президенті Архивінің мамандарының жетекшілігімен қатысушылар цифрлық бейнелерді іріктеу, есепке алу және сақтау қағидаларын, сондай-ақ олардың архивтік құндылығын айқындау критерийлерін зерделеді.
Цифрлық бейнелердің техникалық сипаттамаларына, олардың түпнұсқалығын тексеруге, файл сапасына және электрондық құжаттармен жұмыс істеу кезінде нормативтік талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды.
Тағы бір бағыт – ҚР Президенті Архивінің Реставрация және консервация зертханасы базасында ұйымдастырылған цифрлық реставрация және архивтік құжаттарды OCR арқылы тану интенсиві. Қатысушылар күрделі құрылымды құжаттарды жоғары дәлдікте сканерлеу, бүлінген материалдарды цифрлық реконструкциялау, сондай-ақ әлсіз контрастты мәтіндерді жақсарту және OCR құралдарын қолдану арқылы құжаттарды оптикалық тану технологияларымен жұмыс істеді.
Практикалық бөлім жобалық кейс-командалар форматында ұйымдастырылды. Бұл форматта жас архившілер сарапшылармен бірлесе отырып, архивтік материалдарды цифрлық өңдеу және қалпына келтіру бойынша нақты міндеттерді шешті.
Воркшоптардың үшінші бағыты архивтік құжаттармен жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және оларды кең аудитория арасында танымал етуге арналған цифрлық технологияларды қолдануға арналды. Қатысушыларға архивтік материалдар негізінде интерактивті көрмелер, білім беру жобалары және цифрлық өнімдер жасаудың заманауи тәсілдері таныстырылды.
Практикалық кейс ретінде ҚР Президенті Архивінің мамандары білім беру іс-шараларына арнап әзірленген, архивтік құжаттарға негізделген интерактивті ойынды көрсетті. Цифрлық құжат көшірмелерін, фотосуреттер мен карталарды пайдалана отырып, қатысушылар әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындады: тарихи дереккөздерді талдады, ұсынылған материалдардың шынайылығын анықтады және оқиғалардың хронологиялық тізбегін құрастырды.
Воркшоптар қорытындысы бойынша қатысушылар цифрлық құжаттармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар кәсіби тәжірибе алмасуға, заманауи технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуге және қорытынды дебрифинг барысында өздерінің практикалық жұмыстарының нәтижелерін таныстыруға мүмкіндік алды.