24.07.2026

Жас архившілер сала ардагері Тараза Әбіловамен кездесті

ҚР Президенті Архивінің Алматы қаласындағы филиалында архив саласының ардагері, еңбек сіңірген қызметкер Тараза Әбіловамен кездесу өтті.

Жиын барысында архив ісінің майталманы жеке тектік қорларды қалыптастыру ерекшеліктерімен, құжаттарды жүйелеу тәжірибесімен бөлісіп, архив саласының өткені мен бүгіні туралы ой-пікірін ортаға салды.

Жеке қорлар басқармасын ұзақ жыл басқарған Тараза Әбілова жеке тектік құжаттарды жинақтау архив ісінің маңызды бағыттарының бірі екеніне тоқталып, бұл жұмыс Қазақстанда өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтып өтті.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві бұл бағыттағы жұмыстарды 1998 жылдан бері жүргізіп, архив қоры кеңестік кезең мен тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік, қоғамдық және саяси қайраткерлерінің жеке тектік құжаттарымен тұрақты түрде толықтырылып келеді. Болашақта бұл құжаттар зерттеушілер үшін құнды дереккөзге айналып, Қазақстан Республикасының қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы ғылыми еңбектердің жазылуына негіз болады», – деді Тараза Есмұханқызы.

Жас архившілер жеке тектік қорлармен жұмыс жүргізудің қыр-сыры, жеке коллекцияларды сипаттау әдістемесі және тарихи жадыны сақтау мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай кездесулер жас архившілердің кәсіби тәжірибесін байытып, архив ісіндегі дәстүр сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.