10.06.2026
ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша халықаралық семинар өтті
III Архившілер Конгресі аясында жасанды интеллект дәуірінде құжаттық мұраны сақтау мәселелеріне арналған ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша халықаралық семинар өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің архиві мен ЮНЕСКО арасындағы құжаттық мұраны сақтау және насихаттау саласындағы ынтымақтастықтың жалғасы болып отыр. «Әлем жады» бағдарламасы бойынша алғашқы семинар 2024 жылы II Архившілер конгресі аясында өткізіліп, отандық құжаттық мұраны халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамаларды талқылау алаңына айналған еді.
Биыл семинарға ЮНЕСКО өкілдері, «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық консультативтік комитетінің мүшелері, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілдері, архив мекемелерінің қызметкерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері, сондай-ақ құжаттық мұраны сақтау саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина жасанды интеллекттің архив қауымдастығы алдында цифрлық ортадағы тарихи ақпараттың шынайылығына қатысты жаңа сын-қатерлер туындатып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект жүйелері қолжетімді цифрлық деректер негізінде жауап қалыптастырады, ал құжаттық мұраның едәуір бөлігі әлі күнге дейін интернет кеңістігінде қолжетімсіз күйінде қалып отыр.
Ол Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың бейнесіне қатысты кең таралған жағдайды мысалға келтірді. Цифрлық кеңістікте пайдаланушылар көбінесе «Мергендер» («Снайперы», 1985) көркем фильмінде Әлияның рөлін сомдаған актриса Айтуған Темірованың бейнесін батырдың шынайы фотосуреті ретінде қабылдайды, себебі Әлия Молдағұлованың нақты архивтік фотосуреттері көпшілікке онша таныс емес.
«Сонымен қатар жасанды интеллекттің оң әсері де айрықша. Ол ақпаратты өңдеу құралы ғана емес, қазіргі заманның құндылықтары мен шығармашылық ізденістерін бейнелейтін дербес мәдени феноменге айналып келеді. Қазіргі уақытта бейне генерациялау алгоритмдері мен цифрлық модельдер XXI ғасырдың мәдени мұрасының жаңа бір бөлігін қалыптастыруда деп айтуға болады», – деді Әлия Мұстафина.
Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстанның ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына қатысуының маңыздылығын атап өтіп, жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жағдайында құжаттық мұраны сақтау мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отырғанын айтты.
«Бүгінгі талқылау өте маңызды кезеңде өтіп жатыр. Жасанды интеллект білімді жасау, сақтау, тарату және пайдалану тәсілдерін өзгертуде. Адамзаттың құжаттық мұрасының сақтаушылары ретінде біз технологиялық инновациялардың құжаттық мұраның тұтастығын, сенімділігі мен түпнұсқалығын әлсіретпей, керісінше нығайтуына ортақ жауаптымыз», – деді Жанар Шайменова.
ЮНЕСКО-ның Коммуникация және ақпарат секторының құжаттық мұра бөлімінің басшысы доктор Факсон Банданың айтуынша, «Әлем жады» бағдарламасының негізгі міндеттері құжаттық мұраны анықтау, сақтау және оған кең қолжетімділікті қамтамасыз ету болып қала береді.
«Біз үшін қолжетімділік тек құжаттың физикалық тұрғыдан сақталуын ғана емес, оны цифрлық ортада пайдалану мүмкіндігін де білдіреді. Сондықтан қазіргі уақытта халықаралық ынтымақтастықты дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және болашақ ұрпақ үшін құжаттық мұраны сақтау жолында архивтер, кітапханалар, музейлер мен зерттеу орталықтарының бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие», – деп атап өтті доктор Факсон Банда.
Спикер цифрлық мұраны сақтау саласындағы қазіргі сын-қатерлер туралы сөз қозғап, халықаралық деңгейдегі ең танымал мысалдардың біріне тоқталды. Оның айтуынша, 1990-жылдардың соңында Pixar студиясының «Ойыншықтар хикаясы 2» («Toy Story 2») анимациялық фильмінің материалдарының едәуір бөлігі техникалық ақау салдарынан кездейсоқ жойылып кеткен. Ол материалдар резервтік көшірменің сақталуы арқасында ғана қалпына келтірілген. Сарапшының пікірінше, бұл жағдай цифрлық мұраның қаншалықты осал екенін және оны ұзақ мерзімді сақтаудың сенімді тетіктері қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
Семинар барысында ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы Халықаралық консультативтік комитетінің Сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі кіші комитетінің төрағасы, Сингапур Ұлттық архиві директорының аға орынбасары доктор Лай Ти Фанг, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова, сондай-ақ Дублин университеттік колледжінің цифрлық мәдени мұра және жасанды интеллект саласындағы маманы доктор Сан Парк баяндама жасады.
Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыларды құжаттық мұраның жаңа түрі ретінде тану және сақтау мәселелеріне, сондай-ақ тарихи дереккөздерді зерттеуде цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Семинар аясында «Құжаттық мұра эволюциясы: жасанды интеллект дәуіріндегі архивистердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сарапшылар құжаттық мұра ұғымының өзгеруін, жасанды интеллект технологияларының дамуымен байланысты сын-қатерлерді, сондай-ақ жедел цифрландыру жағдайында тарихи ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етудегі архивтер мен архивистердің рөлін талқылады.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар құжаттық мұраны сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ұлттық архив қорларының цифрлық ортадағы қолжетімділігін кеңейту және жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған материалдарды сақтаудың кәсіби тәсілдерін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.