14.05.2026

Төтенше жағдай кезінде құжаттарды қорғау тәртібі талқыланды

Төтенше жағдайлар кезінде архивтік құжаттарды сақтау ерекше маңызға ие. Мұндай жағдайда құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуациялау және қорғау шараларын дұрыс ұйымдастыру басты талап болып табылады. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Алматы қаласындағы ҚР Президенті Архивінің филиалында өткен семинар барысында талқыланды.

«Төтенше жағдайлар кезеңінде архивтік құжаттармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбындағы лекцияға мемлекеттік органдар мен түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Семинарды Архив қорларын сақтау бөлімінің аға сарапшысы Нұрзада Исаева жүргізді. Ол төтенше жағдай кезінде ең алдымен маңызды құжаттарды анықтап, оларды эвакуациялау тәртібін нақты ұйымдастыру қажет екенін айтты.

«Өрт немесе жану белгілері пайда болған жағдайда барлық жұмыстар бірден тоқтатылады. Қызметкер өрт туралы дереу 101 нөміріне хабарлап, архив басшылығын ескертеді. Сонымен қатар адамдарды эвакуациялау ұйымдастырылып, мүмкіндік болса құжаттарды және өртті бастапқы құралдармен сөндіру шаралары қолға алынады», - деді Н. Исаева.

Семинар барысында қатысушылар «Күйген құжаттарды қалай қалпына келтіреді?», «Суға тиген құжаттарды қалай сақтауға болады?», «Зең басқан құжаттар қалай өңделеді?» деген сұрақтарды қойды. Мамандар бұл бағыттағы негізгі қалпына келтіру және өңдеу тәсілдерін айтып, төтенше жағдайдың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Мұндай оқыту шаралары архив саласы мамандарының кәсіби даярлығын арттырып, төтенше жағдайлар кезінде құжаттарды қорғау және сақтау ісін жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.