07.11.2026

Түркияда ҚР Президенті Архивінің жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі таныстырылды

Түркияда өтіп жатқан «Архивтанудағы жаңа тәсілдер және тұрақты даму» халықаралық симпозиумында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесі таныстырылды. Үш күндік іс-шараға Архив директоры Әлия Мұстафина мен жобаларды сараптау секторының меңгерушісі Эльмира Нұркишева қатысуда.

Симпозиумның екінші күні Мальта, Нидерланд және Сингапур өкілдері қатысқан сессияда Әлия Мұстафина «Архив ісіне жасанды интеллектіні енгізудің практикалық кейстері: Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол жасанды интеллект негізінде әзірленген жобаларды таныстырып, олардың архивтік құжаттарды өңдеу, ақпарат іздеу және мамандардың жұмысын оңтайландырудағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Сондай-ақ бұл технологияларды архив ісінде одан әрі қолдану перспективалары туралы айтты.

Симпозиум барысында қатысушылар Түркияның архив ісін ұйымдастыру және дамыту тәжірибесімен танысты. Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Қытай, Солтүстік Македония, Малайзия, Өзбекстан, Румыния, Сербия және басқа да елдердің өкілдері архив қорларын цифрландыру, электрондық құжаттардың түпнұсқалығы мен тұтастығын қамтамасыз ету, архивтік ақпараттың қолжетімділігі, ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау мәселелерін талқылады.

Жеке архивтер мен тарихи-құжаттық мұраны сақтау, сондай-ақ архив материалдарын ғылыми зерттеулерде, музей ісінде және тарихты оқытуда пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Халықаралық симпозиум 6–8 қараша аралығында өтуде. Іс-шараны Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасы ұйымдастырды.