22.10.2026
Республика күніне орай Президент Архивінде оқушыларға танымдық іс-шара өтті
Республика күні қарсаңында ҚР Президенті Архивінде оқушыларға арналған танымдық іс-шара өтті. Оған Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып және А.Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушылары, барлығы 160-тан астам бала қатысты. Жас зерттеушілер Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолы туралы дәріс тыңдап, архивте сақталған түпнұсқа құжаттармен танысты.
Іс-шара барысында ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина оқушыларды Республика күнімен құттықтап, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызы мен архив құжаттарының ұлттық жадыны сақтаудағы рөліне тоқталды.
«Архив құжаттары – тарихтың куәгері, дәуірдің айнасы. Егемендік шежіресіне қатысты құнды құжаттар Президент Архивінде де жинақталған. Бұл құжаттарды зерделеу арқылы мемлекетіміздің қалыптасу жолын түсінеміз. Тарихи шешімдердің терең мәнін ұғынамыз», – деді Әлия Мұстафина.
Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Нұрбек Шаяхмет оқушыларға Қазақстанның егемендік алу тарихына арналған дәріс оқыды. Ол 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның Қазақстан тәуелсіздігіне негіз қалаған тарихи құжат ретіндегі мәнін түсіндіріп, еліміздің парламентаризм тәжірибесі туралы баяндады.
Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихынан сыр шертетін құнды құжаттармен таныстыру үшін оқушыларға экскурсия ұйымдастырылды. Жас зерттеушілер Архив қорларының қалай қалыптасатынын, тарихи мұраның қандай жағдайда сақталатынын және зерттеушілердің құжаттармен қалай жұмыс істейтінін білді. Сондай-ақ реставрациялау және консервациялау зертханасында ескі құжаттарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
«Бүгінгі экскурсия тарих туралы білімімізді арттырды десек болады. Себебі тарихты оқып қана қоймай, сол заманның құжаттарын өз көзімізмен көрдік. Және тарихымыз бен мәдениетімізді сақтаудың артында қандай еңбек тұрғанын білдік» – деді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Айдар Абсатов.
Қазан айында «АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында ұйымдастырылған экскурсиялар мен модульдік сабақтардың барлығы Республика күніне арналды. Бұл кездесулерде Архив мамандары жастарды түпнұсқа құжаттар арқылы еліміздің тарихымен таныстырып, тарихи дереккөздермен жұмыс істеуді үйретеді. Сондай-ақ құжаттық мұраны сақтаудың маңызын түсіндіреді.