14.09.2026

ҚР Президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойды

ҚР Президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві ынтымақтастық туралы жаңа меморандум қабылдады. Құжатқа Мемлекет басшысының Корея Республикасына жасаған ресми сапары аясында қол қойылып,10 жылдық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашылды. Меморандум екі ел архившілері мен зерттеушілеріне құжаттарды бірлесіп іздеу және зерделеу бағытындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Құжатқа ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Корея Республикасы Ұлттық архивінің президенті Ли Ён Чхуль қол қойды. Жаңа меморандум архив ісі саласындағы екіжақты байланысты кеңейтуге бағытталған және бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, мамандардың тәжірибе алмасуы және олардың біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық білім беру жобалары мен кәсіби іс-шараларға қатысу көзделген.

Кездесу барысында тараптар архив ісін цифрлық тұрғыдан дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін де талқылады. Корея Республикасы цифрлық технологиялар мен электрондық мемлекеттік басқару саласында әлемдегі озық елдердің бірі саналады. Осыған байланысты кореялық әріптестермен тәжірибе алмасу қазақстандық архившілерге жаңа технологиялық шешімдерді меңгеріп, оларды архив саласына енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

«Қазақстан мен Корея Республикасын өзара сенімге негізделген, қарқынды дамып келе жатқан достық қатынастар байланыстырады. Екі архив арасындағы ынтымақтастық елдеріміз арасындағы кәсіби және гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды бағыттарының біріне айналады деп сенемін. Корея тарапының ынтымақтастыққа деген ниетін жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды айқындап, жаңа бастамаларды іске асыруға кірісеміз деп сенеміз», – деді кездесу барысында ҚР Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина.

ҚР Президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві арасындағы ынтымақтастықтың тарихы он жылға жуық уақытты қамтиды. Екіжақты байланыс 2016 жылғы 28 қазанда ҚР Президенті Архиві басшылығының Сеулге сапары кезінде басталып, сол кезде тараптар алғашқы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Содан бері әріптестік нақты жобалармен толықты.

2017-2019 жылдары ҚР Президентінің Архиві мамандары Корея Республикасында Records and Archives Management Program халықаралық бағдарламасы бойынша бірнеше рет тағылымдамадан өтті. Олар электрондық құжаттарды басқару, цифрлық сақтау, құжаттарды цифрландыру және архивтік материалдарды қалпына келтіру бағыттарындағы кореялық тәжірибені зерделеді.

Өз кезегінде Корея архившілері де ҚР Президентінің Архиві ұйымдастырған бірқатар кәсіби жобаларға тұрақты түрде қатысты. Корея Республикасының Ұлттық архивінің өкілдері ҚР Президентінің Архиві өткізген Жас архившілердің халықаралық жазғы мектебіне сарапшы әрі дәріскер ретінде қатысып, электрондық құжаттармен жұмыс істеу және архив қорларын цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. 2022 жылы олар Қазақстан архившілерінің I Конгресіне қатысып, құжаттарды басқаруды стандарттау жөніндегі кореялық тәжірибені таныстырды.

Қазақстан мен Кореяны қазіргі дипломатиялық және экономикалық байланыстармен қатар, ортақ тарихи жады да байланыстырады. Бүгінде ҚР Президентінің Архивінде Қазақстандағы корейлердің тарихына қатысты, ХХ ғасырдың маңызды кезеңдерін қамтитын құжаттар сақтаулы. Бұл материалдар екі ел зерттеушілері үшін құнды дереккөз болып, корей диаспорасының тарихын, оның Қазақстанға қоныс аударуын, жаңа ортаға бейімделу үдерісін және еліміздің дамуына қосқан үлесін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

Сондықтан екі елдің архивтері арасындағы ынтымақтастықты дамыту кәсіби байланыстарды нығайтумен қатар, ортақ тарихи мұраны зерттеу және сақтау тұрғысынан да маңызды мәнге ие.