21.07.2026

ҚР Президенті Архивінің мамандары халықаралық Жазғы институт аясында тәжірибе алмасуда

20 шілде күні Мәскеуде Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің «Еуразиялық кеңістіктегі тарихи процестер: әдіснама және зерттеудің жаңа тәсілдері» атты Жазғы институты өз жұмысын бастады. Бұл форумға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінен Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Талғат Мақанбаев пен Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің сарапшысы Тоқжан Ермешева қатысуда.

Биылғы Жазғы институтқа әлемнің 12 елінен 100-ден астам жас зерттеуші жиналды. Екі апта бойы қатысушылар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективаларын қарастырады, сонымен қатар, жаңа идеялар мен ғылыми тәсілдерді, инновациялық шешімдерді ұсынады.

Жазғы институттың ашылу рәсімі екі жерде өтті. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі аумағындағы «АТОМ» музейінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Татьяна Терентьева жобаның тәжірибелік маңызына тоқталды.

«Мамандар озық білім беру технологияларымен танысып, қарқынды практикалық жұмыстарға қатысады, тәжірибе алмасады және алған білімдерін әлемнің түрлі университеттерінде қолдануға мүмкіндік алады», – деді ол.

Жазғы институттың ашылу рәсімі РМГУ Ғылыми кеңесінің залында жалғасып, университет ректоры Андрей Логинов, проректорлар Павел Шкаренков, Ольга Павленко және Вера Заботкина, сондай-ақ Ресей, Қазақстан және Өзбекстан жоғары оқу орындарының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, күн соңында өткен үйлестіру сессиясында қатысушыларға институттың бағдарламасы мен алдағы жұмыс бағыттары таныстырылды.

Айта кетейік, Жазғы институт аясында дәрістер, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары, воркшоптар, жобалық және форсайт-сессиялар өткізіледі. Екі апта ішінде жас мамандар тарихи зерттеулер мен білім беруде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, цифрлық гуманитаристика, мәдени мұраны сақтау, тарихи ағарту және ғылыми дипломатия мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеуге және ғылыми білімді кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдеріне ерекше назар аударылады. Бағдарлама аясында Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының алаңдарында жұмыс жүргізіліп, Мәскеу, Тула және Тверь қалаларындағы ғылыми, музейлік және мәдени мекемелерге бару жоспарланған.