18.09.2026

Президент Архивінде «АрхивSPACE» жобасының жаңа оқу маусымы басталды

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «АрхивSPACE» білім беру жобасының жаңа оқу маусымы басталды. Биылғы жылдың алғашқы сабақтары Астана мен Алматыда қатар өтті. Жоба бағдарламасына сай Архивке экскурсия ұйымдастырылды және мекеменің жетекші мамандары модульдік сабақтар өткізді.

Астанада жаңа маусымның алғашқы қатысушылары Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушылары болды. Экскурсия барысында оқушылар заманауи архивтің жұмысымен танысып, интерактивті көрме залы мен реставрация және консервация зертханасын аралады. Олар мамандардың архив құжаттарымен қалай жұмыс істейтінін және бүлінген материалдарды қалай қалпына келтіретінін өз көздерімен көрді.

«Бүгінгі экскурсия кезінде көне құжаттарды өз көзіммен көріп, өткенге саяхат жасағандай әсер алдым. Бұл құжаттар сол дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік берді. Әсіресе зертханада ескі құжаттардың қалай қалпына келтірілетінін көру қызықты болды. Тарихты кітаптан оқып қана қоймай, сол кезеңнің құжаттарын өз көзіңмен көргенде әлдеқайда түсінікті әрі қызықты болатынын байқадым», — деді 9-сынып оқушысы Сезім Төлеш.

Жаңа маусымға орай Астанадағы Президент Архивінің интерактивті көрме залының экспозициясы жаңартылды. Атап айтқанда, Қазақстан Конституциясына арналған стенд өзгерді. Онда 2026 жылғы конституциялық реформаны талқылауға қатысты құжаттар, сондай-ақ жаңа Негізгі заңды әзірлеу үдерісін көрсететін материалдар ұсынылған.

Сонымен қатар жас зерттеушілер үшін көрме залының интерактивті мүмкіндіктері кеңейтілді. Сенсорлық панельге көрмеге қойылған архив материалдары негізінде әзірленген білім беру модулі орналастырылды. Экскурсиядан кейін оқушылар шағын тест тапсырып, ұсынылған құжаттар мен тарихи деректерді қаншалықты жақсы есте сақтағанын тексере алады.

Алматыдағы ҚР Президентінің Архивіне №221 және №182 мектептердің оқушылары келді. Бірінші топ цифрландыру және реставрация зертханаларының жұмысымен, архив істерін түптеу үдерісімен және оқу залының қызметімен танысты. Екінші топ үшін төрт практикалық бағытты қамтитын модульдік сабақтар бағдарламасы әзірленді. Олар: микрофильмдеу, құжаттарды түптеу және ұсақ жөндеу, архив материалдарын реставрациялау және «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» модулі.

Айта кетейік, «АрхивSPACE» жобасы Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылады және орта және жоғары сынып оқушыларына арналған. Жоба оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға және жастардың тарихи дереккөздермен жұмыс істеуге қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қатысушылар заманауи архивтің қалай жұмыс істейтінін, құжаттардың сақтауға қалай қабылданатынын, зерттелетінін және қалпына келтірілетінін үйреніп, көрме кеңістіктері мен бейінді зертханаларды аралайды. Өткен оқу жылында жобаға 1,5 мыңнан астам адам қатысты.