23.07.2026
Президент Архивінде 30-дан астам архивші мен құжаттанушы біліктілігін арттырды
ҚР Президенті Архивінде өткен семинарда құжаттарды дұрыс рәсімдеу, есепке алу және мемлекеттік сақтауға дайындау мәселелері талқыланды. Архивтің жинақтау көздері саналатын ұйымдардың архившілері мен құжаттанушыларына арналған бесінші семинарға 30-дан астам маман қатысты.
«Құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардағы құжаттарды ведомстволық және мемлекеттік сақтауға өткізу» тақырыбындағы семинарды Президент Архиві директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымов ашып берді. Ол құжаттармен сауатты жұмыс істеу бүгінгі күннің тарихи айғақтарын келер ұрпаққа жеткізудің басты кепілі екенін атап өтті.
Жиын барысында таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын құжаттармен жұмыс істеу тәртібіне ерекше назар аударылды. Президент Архивінің Жинақтау көздерімен өзара іс-қимыл секторының меңгерушісі Мадина Исмаилова мұндай құжаттарды есепке алу, тіркеу, пайдалану, өңдеу және сақтау талаптарын түсіндіріп, «Қызмет бабында пайдалану» белгісі қойылған құжаттармен жұмыс істеудің құқықтық негіздеріне тоқталды.
Құжаттың құндылығын айқындау, сондай-ақ істерді архивке өткізуге дұрыс дайындау тәртібі туралы ҚР Президенті Архивінің Құжаттардың құндылығын сараптау секторының аға сарапшысы Гүлжан Құдайбергенова баяндады. Ол қатысушылармен бірге құжаттарды сараптау өлшемдерін, істердің құрамын тексеру және рәсімдеу талаптарын, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жою жолдарын талқылады.
Әрбір дәрістен кейін қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, күнделікті қызмет барысында кездесетін тәжірибелік жағдайларды ортаға салды. Мұндай формат мамандардың теориялық білімін толықтырып қана қоймай, құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу, істерді архивке дайындау және қызметтік қолданыстағы құжаттармен жұмыс істеу ерекшеліктерін жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Айта кетсек, бұл – биыл Президент Архиві өткізіп отырған бесінші оқыту семинары. Жыл соңына дейін ведомстволық архивтердің жұмысын жетілдіруге арналған тағы төрт семинар өткізу жоспарланып отыр. Олардың тақырыптары Президент Архивінің жинақтау көздері саналатын ұйымдардың ұсыныстары мен практикалық қажеттіліктерін ескере отырып айқындалады.