23.07.2026
Президент Архиві мен Ұлыбритания Елшілігі ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Салли Аксуорси мен Архив директоры Әлия Мұстафинаның кездесуі өтті.
Елші Архивтің негізгі қызмет бағыттарымен, заманауи инфрақұрылымымен және құжаттық мұраны сақтау мен цифрландыруға бағытталған жобаларымен танысты.
Кездесуде ҚР Президенті Архиві мен Ұлыбританияның Ұлттық архиві арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды жүзеге асыру барысы талқыланды. Тараптар екі архив мекемесі арасындағы кәсіби байланысты дамытудың перспективаларын және оған Ұлыбритания Елшілігінің қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастырды.
Ынтымақтастықтың алдағы бағыттарына тоқталған ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Салли Аксуорсиге меморандумды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын таныстырды. Оның негізгі бағыттарына кәсіби тәжірибе алмасу, онлайн дәрістер, семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру, сондай-ақ архив мамандарының тағылымдамаларын өткізу кіреді.
Сонымен қатар тараптар Ұлыбританияның Ұлттық архиві қорларындағы Қазақстан тарихына және қазақ-британ байланыстарының тарихына қатысты архив құжаттарын бірлесіп анықтау, зерттеу және цифрландыру мүмкіндігін де талқылады.
Әлия Мұстафина Ұлыбританияның Ұлттық архивімен арадағы әріптестік кәсіби тәжірибе алмасуға және мазмұнды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.
«Ұлыбритания Елшілігінің қолдауы меморандумды жүзеге асыруға серпін береді деп сенеміз. Тәжірибе алмасу және тікелей кәсіби диалог орнату екі мекеме арасындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға жол ашады», – деді Архив директоры.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, меморандумды іске асырудың алдағы қадамдарын талқылады.
Айта кетейік, 2026 жылғы маусымда Астанада өткен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында ҚР Президенті Архиві мен Ұлыбританияның Ұлттық архиві арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Конгреске Ұлыбританияның Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі директоры Джон Шеридан мен білім беру және ағартушылық қызмет бөлімінің басшысы Эндрю Пейн қатысқан еді.