29.10.2026
Күзгі каникулда астаналық оқушылар Президент Архивінің жұмысымен танысты
Күзгі каникул кезінде 4-11-сыныптарда оқитын елордалық 30-дан астам жас зерттеуші ҚР Президентінің Архивіне экскурсия жасады. Олар архив ісінің ерекшеліктерімен танысып, құжаттарды қалпына келтіру бойынша шеберлік сабағына қатысты.
Оқушылар алдымен Архивтің интерактивті көрме залын аралады. Көрмеге қойылған архив құжаттары, фотосуреттер мен басқа да материалдар арқылы оқушылар Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдері туралы кеңірек мағлұмат алды. Одан бөлек, оқу залында балаларға зерттеушілердің архив құжаттарымен қалай жұмыс істейтіні, оқырман ретінде қалай келуге болатыны және құжаттарды пайдалану тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ мамандар Архивте қолданылатын заманауи IT шешімдерін көрсетіп, цифрлық технологиялардың құжаттарды іздеу, жүйелеу және сақтау ісіндегі рөлі туралы айтып берді.
Экскурсия реставрациялау және консервациялау зертханасында жалғасты. Мұнда балалар архив мамандарының жетекшілігімен өткен шеберлік сабағында бүлінген құжаттарды реставрациялау әдістерімен танысып, жыртылған қағаздарды өз қолдарымен қалпына келтірді. Осылайша, олар тарихи мұраны сақтау ісінің ұқыптылық пен жауапкершілікті талап ететінін тәжірибе жүзінде түсінді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві жас ұрпақтың тарихқа қызығушылығын арттыруға және зерттеушілік дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта мектеп оқушыларына арналған «АрхивSPACE» білім беру жобасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар Архив жыл сайын «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» байқауын ұйымдастырады. Бұл жоба балаларды өз отбасының шежіресін зерттеуге, ата-бабалары туралы деректер жинауға, отбасылық құжаттар мен фотосуреттердің құндылығын түсінуге ынталандырады.