09.06.2026

«Digital Archive: заманауи дискурстар»: сарапшылар цифрлық архивтердің дамуын талқылады

2026 жылғы 9 маусымда III Архившілер конгресі аясында Астанадағы Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында АҚШ, Польша, Армения, Тәжікстан, Түркия, Ресей және Қазақстанның архив саласындағы жетекші мамандарының, ғылыми қауымдастық өкілдерінің және цифрлық технологиялар саласы сарапшыларының қатысуымен «Digital Archive: заманауи дискурстар» панельдік сессиясы өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазыұлы және Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Бас архив басқармасының кеңесшісі Муслима Курбанова модераторлық етті.

Жиын барысында архивтерді цифрландырудың заманауи тәсілдері, құжаттық мұраны басқаруда жасанды интеллектіні қолдану перспективалары, цифрлық ортада архивтерді толықтыру мәселелері, аудиовизуалды құжаттарды сақтау, сондай-ақ сирек кітаптар мен қолжазбаларды цифрландыру тақырыптары қарастырылды.

Қатысушылар жасанды интеллектінің дамуы жағдайында ұлттық архивтік стратегияларды қалыптастыру, ақпаратты іздеу мен талдаудың интеллектуалды жүйелерін енгізу, цифрлық ресурстардың ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз ету және пайдаланушылардың архив материалдарына қолжетімділігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сессия аясында Армения Республикасы мен Тәжікстан Республикасының архив саласын цифрлық трансформациялаудағы ұлттық тәжірибесі, Польшадағы жасанды интеллект пен архив процестерін автоматтандыру тәжірибелері, Түркияда түркі әлемінің цифрлық жадысын қалыптастыру жобалары, сондай-ақ цифрландыру, семантикалық іздеу және аудиовизуалды мұраны сақтау саласындағы жетекші халықаралық компаниялардың озық шешімдері таныстырылды.

Қатысушылар цифрлық трансформацияның тек технологиялық үдеріс қана емес, сонымен қатар тарихи жадыны сақтау, құжаттық мұраның қолжетімділігін арттыру және ғылыми зерттеулерді дамыту үшін маңызды шарт екенін атап өтті. Бұл ретте ашықтық, қауіпсіздік, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және инновациялық технологияларды енгізу қағидаттарына негізделген ұлттық архивтік стратегияларды әзірлеудің маңызы ерекше екені айтылды.

Сессия барысында Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің  профессоры, тарих ғылымдарының докторы Наталия Суровцева былай деп атап өтті: «Құжат – субъектілердің әлеуметтік өзара байланыс құралы және мұндай өзара әрекетте ол өз функциялары мен қасиеттерін сақтайды. Адамсыз басқарылатын технологияларда құжат жоқ. Цифрлық трансформацияның қазіргі жағдайында дәл осы аспект негізгі қағидаға айналуы тиіс».

Пікірталас қорытындысында қатысушылар архивтерді цифрландыру бойынша халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, үздік тәжірибелермен алмасу, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологиялары жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлау қажеттігін атап өтті.

Еске салсақ, «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі өз жұмысын 12 маусымға дейін жалғастырады. Форум бағдарламасына халықаралық панельдік сессиялар, тәжірибелік семинарлар, білім беру воркшоптары, көрме жобалары және IX Халықаралық жас архившілердің жазғы мектебі енгізілген. Барлық іс-шаралар цифрлық дәуірдегі архив ісін дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған ортақ мақсатпен біріктірілген.