26.06.2026
ҚР Президентінің Архиві мен БАӘ Ұлттық кітапханасы және архивтері ынтымақтастықты кеңейтуде
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде БАӘ Ұлттық кітапханасы және архивтерінің ұйымдастыруымен өткен бес күндік оқыту семинары аяқталды. Бұл бағдарлама – соңғы жылдары жаңа серпін алған екі мекеме арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі. Қазіргі уақытта тараптар кәсіби тәжірибе алмасу, білім беру бастамаларын жүзеге асыру және архив саласындағы халықаралық жобаларды қолдау бағытында табысты жұмыс жүргізіп келеді.
Оқыту семинарына Астана және Алматы қалаларынан Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 26 қызметкері қатысты. Апта бойы қатысушылар құжаттар мен архивтерді басқарудың заманауи тәсілдерін, архив ісінің халықаралық стандарттарын, құжаттарды ғылыми өңдеу мәселелерін, электрондық архивтерді басқару мен архив қорларын цифрландыру бағыттарын зерделеді.
Бағдарламаны қорытындылай келе, Архив директоры Әлия Мұстафина қазақстандық мамандарға оқыту бағдарламасын ұйымдастыру туралы ұсыныс 2025 жылы БАӘ Ұлттық кітапханасы және архивтерінің бас директоры Абдулла Маджид Әл Алидің Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне жасаған сапары барысында айтылып, қазақстандық тараптың ерекше қолдауына ие болғанын еске салды.
«Құрметті дәріскеріміз Соуфиан Бухарраттың өзі бірнеше рет атап өткендей, архив саласын дамытудың басты шарттарының бірі – өз тәжірибеміздің тиімділігін үнемі саралап, оны жетілдіріп отыруға ұмтылу. Осы тұрғыдан алғанда, дәрістердің мазмұны архив қызметін ұйымдастырудағы өзара тәжірибемізді салыстырып, жан-жақты талдауға мүмкіндік берді. Екі тараптың кәсіби ұстанымдары мен жұмыс қағидаттарының айтарлықтай ұқсас екендігі қуантады», – деді Архив директоры Әлия Мұстафина.
Өз кезегінде БАӘ Ұлттық кітапханасы және архивтерінің атқарушы директоры д-р Хамад Абдулла Әл Мутайри БАӘ тарапы Қазақстан Республикасы Президенті Архивін өздерінің маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі ретінде бағалайтынын және соңғы жылдары қалыптасқан ашық әрі сындарлы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды жоғары бағалайтынын айтты. Оның айтуынша, бірлескен жұмыс тек архив ісінің техникалық мәселелерімен шектелмей, институционалдық және ұлттық жадыны сақтау, есептілікті қамтамасыз ету және тиімді мемлекеттік басқаруды қолдауға бағытталған.
«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында құжаттар мен архивтерді басқару саласындағы ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңінің негізін қаладық. Біздің Пікір алмасуымыз тек техникалық мәселелермен шектелген жоқ, олар институционалдық және ұлттық жадыны сақтау, есеп берушілікті қамтамасыз ету және тиімді басқаруды қолдау сияқты маңызды мәселелерге арналды. Бұл пікірталастар архивтердің өткенді сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар болашақты қалыптастыруға қызмет ететінін еске салады. ICA вице-президенті ретінде осындай халықаралық әріптестіктердің маңызын жоғары бағалаймын», – деді д-р Хамад Абдулла Әл Мутаири.
Семинар қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі кеңейтуге, бірлескен білім беру және кәсіби бастамаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ архив ісі мен құжаттарды басқару саласындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екендерін растады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен БАӘ Ұлттық кітапханасы және архивтері арасындағы ынтымақтастық 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары барысында қол қойылған меморандум аясында дамып келеді. Осы уақыт ішінде тараптар бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, араб әріптестері 2026 жылдың маусым айында Астанада өткен «Digital Archive EXPO» – III Архившілер конгресіне белсене қатысты.