04.09.2026
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві дипломатиялық құжаттар редакторларының халықаралық конференциясына қатысты
ҚР Президенті Архивінің делегациясы 3-4 қыркүйекте Берн қаласында өткен Дипломатиялық құжаттар редакторларының 18-інші халықаралық конференциясына (ICEDD) қатысты.
Конференция барысында құжаттарды өңдеуді автоматтандыру, математикалық модельдер әзірлеу, библиографиялық дерекқорлар құру, архивтік материалдарды интеллектуалды іздеу және цифрлық аннотациялау салаларындағы практикалық шешімдерге ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапынан конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов, Білім беру жобалары және халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекші сарапшысы Асқар Құдайбергенов және Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі Нұрмұхамед Жаңғараев қатысты.
Конференцияның алғашқы күнінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫК) тарихы, дипломатиялық құжаттардың халықаралық қатынастарды зерттеудегі рөлі және қазіргі үдерістерді түсінудегі тарихи тәжірибенің маңызы талқыланды. Фотокұжаттарға және олардың зерттеу әлеуетіне де назар аударылды.
Екінші күн дипломатиялық құжаттармен жұмыс істеуде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне арналды. Логикалық транскрипция және жасанды интеллект арқылы индекстеу, жасырын іздеу, тарихи деректерді жүйелеу мен талдау, сондай-ақ Retrieval-Augmented Generation (RAG) технологиясының мүмкіндіктері қарастырылды. Баяндамашылар құжаттарды өңдеу және ғылыми айналымға дайындау барысында жасанды интеллектіні қолданудың практикалық тәжірибесімен бөлісті. Талқылау қорытындысы бойынша жасанды интеллект архивтік және зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашатыны, алайда мамандардың кәсіби сараптамасын алмастыра алмайтыны атап өтілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві үшін конференцияға қатысу Қазақстанның қазіргі заманғы тарихына қатысты құжаттармен, сондай-ақ мемлекетіміздің сыртқы саясатына қатысты архивтік материалдармен жұмыс жүргізу тұрғысынан маңызды болды.
Конференцияны Diplomatic Documents of Switzerland (Dodis) зерттеу орталығы Швейцарияның Федералдық сыртқы істер департаментімен бірлесіп, Швейцарияның 2026 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясындағы іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырды. Іс-шараға 57 елден 100-ден астам маман қатысты.