28.09.2026

Астана мен Алматы қалаларындағы мектеп оқушылары архивші мамандығының қыр-сырымен танысты

Астана мен Алматы қалаларындағы 60-тан астам оқушы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде өткен «АрхивSPACE» білім беру жобасына қатысты. Жас зерттеушілер үшін тарихи құжаттарды зерделеуге, цифрлық технологияларға және архив материалдарын сақтаудың заманауи әдістеріне арналған практикалық сабақтар мен экскурсиялар ұйымдастырылды.

23 қыркүйекте Астанадағы Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушылары Архив мамандары әзірлеген модульдік сабақтарға қатысты. Төрт топқа бөлінген оқушылар цифрлық архивтің мүмкіндіктерімен танысып, дербес деректерді қауіпсіз сақтау туралы мәлімет алды. Сондай-ақ тарихи құжаттардың мазмұны мен шығу тегін анықтап, оларды өз бетінше зерттеп көрді. Реставрациялау және консервациялау зертханасында бүлінген қағаз құжаттарды қалпына келтіру тәсілдерін үйреніп, алған білімдерін практикада қолданды.

24 қыркүйекте Архивке елордадағы №13 мектептің 6-сынып оқушылары келді. Экскурсия барысында олар көрме залындағы тарихи құжаттармен танысып, реставраторлардың жұмысы туралы білді. Экскурсия соңында оқушылар Қазақстанның саяси тарихындағы маңызды оқиғалар бойынша интерактивті тест тапсырды.

25 қыркүйекте Алматыдағы Архив филиалында білім беру экскурсиясы өтті. №178 мектептің 7-сынып оқушылары тарихи құжаттарды сақтау және қалпына келтіру жұмыстарының қалай ұйымдастырылатынын көрді. Филиал мамандары архив материалдарымен жұмыс істеудің негізгі кезеңдерін – құжаттарды қабылдау мен зерделеуден бастап, олардың ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз етуге дейінгі үдерістерді түсіндірді.

Еске сала кетейік, «АрхивSPACE» білім беру жобасы Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылады. Жоба орта және жоғары сынып оқушыларына арналған. Оның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің зерттеушілік дағдыларын дамыту және тарихи деректермен жұмыс істеуге деген қызығушылығын арттыру.

Өткен оқу жылында жобаға 1,5 мыңнан астам адам қатысты.