10.06.2026
«Архивтердің инновациялық экожүйелері: инфрақұрылым, ынтымақтастық және тұрақтылық» тақырыптық сессиясы өтті
10 маусым күні «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында «Архивтердің инновациялық экожүйелері: инфрақұрылым, ынтымақтастық және тұрақтылық» атты тақырыптық сессия өтті. Іс-шара архив саласындағы жетекші сарапшыларды, IT-индустрия өкілдерін және 30-дан астам елден келген халықаралық ұйымдардың мамандарын біріктірді.
Құжаттық мұраны ұзақ мерзімді сақтауға бағытталған заманауи, қауіпсіз әрі тұрақты цифрлық архивтік экожүйені қалыптастыру мәселелері қатысушылардың назарын аудартты.
Сессия архив саласының жасанды интеллект технологияларының, киберқауіпсіздік жүйелерінің, интеллектуалды іздеу құралдарының және болжамды талдау технологияларының ықпалымен қарқынды түрде трансформацияланып жатқанын көрсетті. Спикерлер болашақ архивтердің тұрақты цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған практикалық тәжірибелерді, ұлттық стратегияларды және технологиялық шешімдерді таныстырды.
Иордания Ұлттық кітапханасы департаментінің бас директоры Фирасс Аталлах Мохаммад Дараба кітапханалық-ақпараттық салада жасанды интеллектті қолдану бойынша Иордания Ұлттық кітапханасының практикалық тұжырымдамаларын таныстырды.
«Қазіргі уақытта жаһандық цифрлық трансформация дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Кез келген технологияны кеңінен қолданбас бұрын, оны сынақтан өткізу қажет болды. Біз технологиялардың қаншалықты дамығанын көріп отырмыз. Қазір адамзат жаңа даму кезеңіне қадам басты. Әсіресе, жасанды интеллект тілдік кедергілерді еңсеруге көмектесіп, ақпаратты пайдаланушылардың кең ауқымына қолжетімді етеді. Бұл әсіресе күрделі әрі мамандандырылған ғылыми зерттеулер жүргізу үшін өте маңызды», - деп атап өтті.
«Узархив» Агенттігінің директоры Улуғбек Юсупов Өзбекстанда жасанды интеллектті енгізу мемлекеттік архив саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Өзбекстан Республикасының архив ісін дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасында архивтік құжаттарды классификациялау және тану процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы құжаттарды өңдеудегі адам факторын 50 пайызға қысқарту мақсаты алға қойылды».
Өз кезегінде Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Фазиль Аббасов цифрландырудың архивтердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша: «Цифрлық басқару архивтердің рөлін өзгертуде: архив қызметтері енді құжаттарды сақтаушы қойма ғана емес, сонымен қатар құжаттың жасалуынан бастап ұзақ мерзімді сақталуы мен пайдаланылуына дейінгі барлық кезеңдерінде электрондық құжат айналымының толыққанды қатысушысына айналуда».
Польша Ұлттық цифрлық архивінің IT-жүйелерді әкімшілендіру жөніндегі маманы Радослав Лободаның баяндамасы қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Оның айтуынша: «Генеративті жасанды интеллект пен әлеуметтік желілер дәуірінде архивтер пассивті сақтаушы рөлінен шығып, шынайылықты растаудың белсенді құралдарына айналуда. Жалған жаңалықтар, синтетикалық бейнелер және жасанды интеллект жасаған мәтіндер санаулы сағаттардың ішінде тарихты бұрмалауы мүмкін жағдайда, архив қорлары ақиқаттың бастапқы дереккөзі болып қала береді».
Сессияға қатысушылардың барлығы жаһандық цифрландыру жағдайында архив саласының жасанды интеллект технологияларын, интеллектуалды іздеу жүйелерін, метадеректерді автоматты түрде генерациялау құралдарын, киберқорғаныс жүйелерін және цифрлық болжамды талдау технологияларын барған сайын белсенді түрде енгізіп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, сессияға архившілерді, зерттеушілерді, IT-сарапшыларды, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бейінді компаниялардың өкілдерін қоса алғанда, 100-ден астам адам қатысты.