21.04.2026

Архивтану және құжаттану бойынша XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті

2026 жылғы 20 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде архивтану және құжаттану пәндері бойынша XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві бұл олимпиаданы дәстүрлі түрде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп ұзақ жылдар бойы өткізіп келеді. Осы уақыт аралығында олимпиада республикадағы жоғары оқу орындары мен колледждердің үздік студенттері бас қосатын беделді алаңға айналды. Мұнда жас мамандардың қабілеттері ашылып, жаңа идеялар қалыптасып, архивші және құжаттанушы мамандығына деген қызығушылық артып келеді.

Олимпиаданың мақсаты өзектілігін жойған жоқ – дарынды студенттерді анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау, зияткерлік қабілеттерін дамыту және жастарды архивтану мен құжаттану саласындағы ғылыми әрі практикалық міндеттерді шешуге тарту. Мұндай іс-шаралар мемлекет пен қоғам дамуына үлес қоса алатын жаңа буын кәсіби мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Архив жүйелі түрде білім беру және тәжірибеге бағытталған бастамаларды жүзеге асырады: жазғы мектептер, пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстар ұйымдастырады, тағылымдамалар мен тәжірибелер өткізеді, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатады. Бұл жобалар дарынды жастарды анықтаудың, олардың кәсіби дамуын қолдаудың және архив ісін дамыту үдерістеріне тартудың тиімді құралына айналып отыр.

Биылғы олимпиадаға ҚазҰУ тарих факультетінің «Archive Vision», «GOLD archive», «Qor Qalqan» және «Алау» командалары қатысты. Қатысушылар архив саласын цифрландыру, құжаттарды жүйелеу мен іздеуде жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстан архивтерінің бірыңғай интернет-порталының тұжырымдамасын қамтитын заманауи электрондық платформаларды әзірлеу бойынша жобаларын ұсынды.

Қазылар алқасы студенттердің дайындық деңгейінің жоғары екенін, олардың кәсіби қызығушылығы мен саланы дамытуға бағытталған заманауи шешімдер ұсына алу қабілетін ерекше атап өтті.

Олимпиада қорытындысы бойынша «GOLD archive» командасы жеңімпаз атанды. Барлық қатысушы сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.