23.09.2026

«Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсына өтінім қабылдау жалғасуда

ҚР Президентінің Архиві дәстүрлі түрде өткізетін «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсына өтінім қабылдау 1 қазанға дейін жалғасады. Байқау Астана және Алматы қалаларындағы жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушыларына арналған.

Қатысушылардың алғашқы легі Президент Архивінде өз тақырыптарына қажет деректерді іздеуді және архив құжаттарымен жұмыс істеуді бастап кетті.

Жас зерттеушілер әртүрлі дереккөздер арқылы өз отбасының тарихын зерделеп, отбасылық және мемлекеттік архивтерден қажетті мәліметтерді іздеу, салыстыру және сыни талдау дағдыларын меңгереді.

Конкурс алты тақырыптық бағытты қамтиды. Оқушылар ел тарихының отбасы тағдырындағы көрінісін, отбасылық архивтерді, еңбек династиясын, туған өлке тарихын, отбасылық жәдігерлерді, сондай-ақ отбасы мүшелерінің ғылымға, мәдениетке, білім мен спортқа қосқан үлесін зерттей алады.

Тіркелген қатысушылар өз жобалары мен оған қоса берілетін материалдарды 1 қарашаға дейін ұсынуы қажет. Жұмыстар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

Конкурс туралы толық ақпаратпен Архивтің ресми сайтында танысуға болады: https://archive.president.kz/konkursy/