Ануар Сағатов: Архив – құжаттар сақталатын орын ғана емес, кәсіби және халықаралық қарым-қатынас алаңы

30.08.2026

Ануар Сағатов: Архив – құжаттар сақталатын орын ғана емес, кәсіби және халықаралық қарым-қатынас алаңы

Президент Архивінің мамандары тарихи мұраны сақтаумен қатар, архив құжаттарын жас ұрпаққа таныстырып, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу бағытында да жұмыстар жүргізеді. Толығырақ «Архив келбеті» айдарында.

Ануар Сағатов – архив саласында еңбек етіп жүрген жас буын өкілдерінің бірі, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Білім беру жобалары және халықаралық ынтымақтастық орталығының аға сарапшысы.

Ол 2024 жылғы наурыздан бері Архивте ресми түрде қызмет атқарып келеді. Оған дейін Қазақстан-Германия университетінде білім алып жүрген кезінде Архивте тәжірибеден өтіп, 2022 жылы Архившілер конгресіне волонтер ретінде қатысқан.

«Архивте жұмыс істей жүріп, оны тек құжаттар сақталатын орын емес, кәсіби және халықаралық қарым-қатынас алаңы екенін түсіндім», – дейді Ануар.

Маманның негізгі жұмыс бағыттарының бірі – білім беру жобалары. Оның ішінде оқушылар мен жастарға өз отбасы тарихын архив құжаттары арқылы зерттеуге мүмкіндік беретін «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» байқауы және оқушыларды Архивтің қызметімен және тарихи құжаттарды сақтау ерекшеліктерімен таныстыруға бағытталған Archive Space жобасы бар.

Екінші маңызды бағыт – халықаралық ынтымақтастық. Архив шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, құжаттарды сақтау, реставрациялау және архив ісін дамыту бағыттарындағы озық тәжірибелерді зерделейді.

«Халықаралық ынтымақтастық – тек ресми кездесулер емес. Бұл – кәсіби білім алмасу, жаңа көзқарастар және бір-бірінен үйрену мүмкіндігі. Басқа елдердің тәжірибесі бізге болашақта кездесуі мүмкін мәселелерді алдын ала түсінуге көмектеседі», – деп атап өтті маман.

Ануардың айтуынша, архив жұмысының ерекшелігі – кез келген құжаттың артында тұтас бір дәуірдің тарихы тұруы мүмкін.