01.10.2026

Алматыда жас зерттеушілер өздерін архивші рөлінде сынап көрді

Бүгін, 1 қазан күні ҚР Президенті Архивінің Алматыдағы филиалында «АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында модульдік сабақ өтті. Бұл жолы жобаға №213 мектептің 25 оқушысы қатысты.

Сабақ барысында оқушылар архив жұмысының негізгі бағыттарымен танысып, құжаттарды микрофильмдеу, түптеу және реставрациялау тәсілдері туралы мағлұмат алды. Мамандар әр процестің өзіндік ерекшеліктерін түсіндіріп, құжаттарды ұзақ мерзімге сақтау үшін жүргізілетін жұмыстарды көрсетті. Теориялық бөлімнен кейін оқушылар архивші жұмысына тәжірибе жүзінде араласып, мамандардың жетекшілігімен құжаттарды қалпына келтіру жұмыстарын өздері жасап көрді.

Сондай-ақ сабақтың бір бөлігі архив қорларымен жұмыс істеуге арналды. Оқушылар қорлардың құрамымен, архивтік сұраныстарды орындау тәртібімен және қажетті ақпаратты іздеу ерекшеліктерімен танысты.

Модульдік сабақ соңында қатысушылар Архив экспозициясын аралап, сабақ барысында алған білімдерін бекітіп қана қоймай, архив құжаттарының көрме жұмысында қалай пайдаланылатынына да назар аударды.

Айта кетсек, «АрхивSPACE» – мектеп оқушыларының тарихи құжаттарға деген қызығушылығын арттыруға және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған Президент Архивінің білім беру жобасы.