25.04.2024

Ғалым-шығыстанушы К.Ш. Хафизованың мерейтойы

2024 жылғы 25 сәуірде ҚР Орталық архивінде ғалым-шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Шайсұлтанқызы Хафизова мерейтойына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Клара Шайсұлтанқызының еңбектері Шығыс мәдениеті туралы түсінігімізді кеңейтіп, жалпы тарих ғылымының дамуына зор үлес қосты. Ғылым жолында әлі де еңбек етіп, жақын күндері жетінші монографиясын жарыққа шығармақ. Сонымен қатар ол ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырып жүрген ардақты ұстаздар қатарында.
Бүгінгі «К.Ш. Хафизованың еңбектеріндегі халықаралық диалог және өзара мәдениет алмасу» атты конференциясының ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың құттықтау хатын кеңесшісі М.Н. Отарбаев оқып берді.

Құттықтауда ғалымның көп қырлы ғылыми-педагогикалық қызметіне айрықша тоқталып, тілектерін жеткізген.
Іс-шараға қатысушылар өз баяндамаларында Клара Шайсұлтанқызының ғылыми еңбектері негізінде Орталық Азия мемлекеттері мен іргелес аймақтардағы тарихи-мәдени, әлеуметтік, экономикалық, этносаралық мәселелерді талқылады.
Конференция аясында Орталық архивте сақталған Клара Шайсұлтанқызы Хафизованың жеке тектік қорындағы құжаттар негізінде дайындалған көрме ұсынылды.
Клара Шайсұлтанқызын осынау тамаша мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық өрлеу мен толағай табыс тілейміз!