Қазақстан Республикасы

Президенті Архиві директорының

2022 жылғы 21 маусымдағы

№ 96- Ө бұйрығымен

БЕКІТІЛГЕН

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ПРЕЗИДЕНТІ АРХИВІНІҢ 2035 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ

ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ


Мазмұны

1.    Жалпы ережелер

2.     Ағымдағы жағдай

3.    Шетелдік тәжірибені шолу

4.    Архивті дамыту қағидаттары, мақсаты мен міндеттері

5.    Негізгі іске асыру бағыттары мен кезеңдері

6.    Нысаналы индикаторлар

7.    Күтілетін нәтижелер

1. Жалпы ережелер

Тарихи-мәдени мұраның сақталуын қамтамасыз ететін архивтер мемлекеттіліктің міндетті атрибуттарының бірі болып табылады. Олардың даму деңгейі елдің өркениет дәрежесін, халықтың өзінің тарихи өткеніне деген көзқарасын айқындайды.

Әлемдегі жаһандық тұрақсыздық жағдайында қоғам өмірінің барлық салаларында болып жатқан түбегейлі өзгерістер архивтердің алдына жаңа сын-қатерлерді тартып отыр. Бүгінгі күні құжаттарды сақтау архив ісінің шеңберінен шығып, мемлекеттің орнықты дамуының өмірлік маңызы бар бағыттарының біріне айналды. Қоғамның ақпаратқа қол жеткізу маңызының барынша артуы архив құжаттарының айнымас құндылығын арттырды.

ХХ ғасыр мен Тәуелсіздік кезеңінің әлеуметтік-саяси тарихы құжаттарының елдегі ең ірі сақтаушысы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне (бұдан әрі – Архив) ерекше жауапкершілік пен миссия жүктеледі. Олар өздері жүзеге асырып жатқан Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін басқа да мемлекеттік органдардың қызметін архивтік қамтамасыз етуді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу және практикалық ұйымдастыру міндеттерінен туындайды.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 9 ақпандағы № 808 Жарлығына сәйкес әзірленді.

Оның мазмұны мекеменің қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Архив қорының (бұдан әрі – ҰАҚ) құжаттарын жинақтау, есепке алу, сақталуын қамтамасыз ету және пайдалану, Архивті цифрлық трансформациялау, оның құжаттану және архив ісі саласындағы ғылыми, әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде қалыптасуы, қолданбалы және болжамдық сипаттағы жаңа ғылыми шешімдердің негізінде жеткізгіштерді архивтеу әдіснамасынан ақпаратты архивтеу әдіснамасына дейінгі қызметті инновациялық жобалау бағыттары бойынша жаңғыртуды айқындайды.

Тұжырымдамада Архивтің стратегиялық даму бағыттары, мақсатқа жету қағидаттары, міндеттері, сондай-ақ оларды іске асыру кезеңдері айқындалған.

2. Ағымдағы жағдай

Архив Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 14 қаңтардағы № 1502 Жарлығымен құрылған және Алматы қаласында 1974 жылы салынған арнаулы ғимаратта орналасқан. Оның сақтау қоймаларының жалпы ауданы 7 мың шаршы метрден асады.

Бүгінгі таңда Архивте 856 мыңнан астам істі қамтитын 1014 қор сақталуда. Олар 1918 жылдан басталған бұрынғы партия архивінің құжаттары, Мемлекет басшысына бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, саяси және қоғамдық ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың қызметінде түзілген Тәуелсіз Қазақстан тарихы жөніндегі материалдар, сондай-ақ Қазақстанның көрнекті саяси, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің жеке архивтері құрайды.

Жыл сайын Архивке жинақтау көздері болып табылатын 47 ұйымнан 6 мыңнан астам іс сақтауға келіп түседі, оларға іс жүргізу және архивтік сақтау мәселелері бойынша тұрақты негізде ғылыми-әдістемелік және практикалық көмек көрсетіледі.

2014 жылдан бастап Архив «Электрондық архив» бірыңғай ақпараттық-іздестіру жүйесін толықтыру үшін қағаздағы құжаттар мен тізімдемелерді жаппай цифрландыруға кірісті. 2022 жылға қарай қағаз құжаттардың электрондық нұсқаларының жалпы саны 185 мың іске немесе сканерлеуге жататын істер құрамының 24%-на жетті.

Іске асырылып жатқан цифрлық трансформация және қағазсыз технологияларға көшу жөніндегі мемлекеттік саясат аясында соңғы жылдардағы басты міндет – электрондық архив жүйесін құру. 2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Архивті «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын «Электрондық құжаттардың бірыңғай архиві» (Е-архив) ақпараттық жүйесіне қосу мәселесі пысықталуда.

2019 жылы халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес құжаттардың микрофильмдердегі сақтандыру көшірмелерін жасауды жүзеге асыратын «SMA 35+» микрофильм түсіру жабдығы жаңартылды. Бүгінгі таңда Архивтің ерекше құнды құжаттарының микрожеткізгіштердегі көшірмелерін сақтандыру қорында 8 миллионнан астам кадр бар.

Пайдаланушылардың аясын кеңейту үшін 2017 жылдан бастап зерттеушілердің архив құжаттарымен жұмысын автоматтандыратын Электрондық оқу залы іске қосылды. Архив қорлары бойынша электрондық каталог пен Жөнсілтемеге онлайн-қолжетімділік http://archive.president.kz сайты арқылы қамтамасыз етіледі. Архивтің «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық соғыс тұтқындары: әдебиеттер, дереккөздер және деректер базасы» және «Asharshylyq.kz» (Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандары туралы мәліметтерді жинау) электрондық деректер базалары сияқты жобалары кеңінен танымал.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы жөніндегі деректі көздерді жариялау мен танытуға ерекше көңіл бөлінуде.

2004–2008 жылдары құпиясыздандырылған кеңестік кезеңнің 40 мың архив істері еліміздегі Алаш партиясының, 1930-ы жылдардағы ұжымдастырудың, ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргін мен депортацияның, 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тарихына және басқа да мәселелерге арналған алғашқы монографиялық зерттеулердің деректік негізі болды. Архивте 100-ден астам құжаттар жинағы шығарылды, олардың арасында «Рассекреченная война», «Из истории национальной валюты», «Қазақстан халқы Ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995–1997 жж.)», «Казахстан за безъядерный мир» және басқалар бар.

Архивте сақталған, құрамы жөнінен әралуан құжаттар кешені отандық және шетелдік қазіргі заман тарихы мамандарының назарын аударуда. Архивтің оқу залына жыл сайын 300-ден астам зерттеуші келеді. Азаматтардың әлеуметтік-құқықтық сұраныстары мен мемлекеттік органдардың тақырыптық сұрау салуларын дер кезінде орындау қамтамасыз етілуде.

Архив ғылыми мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтасады, олармен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар әртүрлі іс-шаралар (дөңгелек үстелдер, құжаттық жинақтардың тұсаукесерлері, көрмелер және т.б.) өткізеді. Дуалды білім беруді ұйымдастыру және білікті мамандарды даярлау мақсатында Архив жанынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Архив ісі және құжаттану» кафедрасы ашылды. Жас архившілердің республикалық конкурсы, «Архивтану, құжаттану және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер олимпиадасы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. 2017 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен бірге «ТМД елдерінің жас архившілерінің жазғы мектебі» халықаралық білім беру жобасы іске асырылуда, оған осы жылдар ішінде Әзербайжаннан, Армениядан, Беларусьтен, Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Ресей мен Өзбекстаннан 500-ден астам жас маман қатысты. Дәріскерлер қатарында Беларусьтен, Қазақстаннан, Польшадан, Ресейден, АҚШ-тан, Финляндия мен Оңтүстік Кореядан келген архивші ғалымдар бар.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Архив құрылымында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы құрылды, оның қызметі аталған тақырып бойынша тарихты жан-жақты зерделеуге, ғалымдардың жұмысына жәрдемдесуге және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін тұжырымдар мен ұсынымдар дайындаудың жеделдігін арттыруға бағытталған. 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ), Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҰҚК), Бас прокуратурасының арнаулы мемлекеттік архивтерінен (бұдан әрі – АрМА) 700 мыңнан астам істі қабылдау мәселелері пысықталуда.

Шет елдердің архив мекемелерімен ынтымақтастық дамытылуда. Архив 8 елдің (Беларусь, Германия, Корея, Қырғызстан, Польша, Ресей Федерациясы, АҚШ және Финляндия) 17 архивтік ұйымымен келісім жасасты.

Дегенмен келесі проблемалар өз шешімін талап етуде.

1. Әлемнің жетекші архив мекемелерінің жаңа практикаларын енгізу мен пайдалануға мүмкіндік бермейтін архив жұмысын консервативтік ұйымдастыру тәсілінің басым болуы.

Архив қызметі қалыптасқан әдіснаманың шеңберімен шектелген және жаңа практикалардың енгізілуін шектейтін тар бағытты сипатқа ие. Жұмысты ұйымдастыруда ескірген тәсілдер сақталуда, Архивті Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихының құжаттарын жетекші сақтау орталығы ретінде дамытудың ортақ түсінігі жоқ.

2. Архивтің «ақпараттық оқшаулануы».

Құжаттардың «жабықтығы» мен «құпиялылығы» туралы қалыптасқан стереотип Архивтің имиджіне кері әсерін тигізуде. Мемлекетті демократияландыру мен ашық азаматтық қоғамды дамытудың одан арғы процестері ескірген «билік – архивтер» формуласын еңсеріп, үштұғырлы «мемлекет – қоғам – архивтер» жаңа парадигмасына көшуді талап етеді. Сонымен қатар, архив мәдениетінің сабақтастығын сақтап, Тәуелсіз Қазақстанның құжаттық жадын сақтау мен көбейтудегі Архивтің жоғары әлеуметтік рөлі мен тарихи миссиясын түсінуге аса қажеттілік туып отыр.

3. Архив қоймалары ресурстарының тапшылығы.

Қорлар қозғалысы қарқындылығының күрт артуы Архив құжаттарын сақтау проблемасын шиеленістірді. ҰАҚ-тың тарихи құндылығы зор және ұлттық игілік болып табылатын қағаздағы құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету материалдық-техникалық жарақтандыруға, бос архив қоймаларының болуына тікелей байланысты. Қазіргі таңда Архив қоймаларының толтырылу дәрежесі 85%-ға жетті. Алдағы 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ-нің, ҰҚК-нің, Бас прокуратурасының АрМА-нан 700 мыңнан астам істің қабылданатынын ескерсек, архив қоймаларының ресурсы 2024 жылға қарай толығымен сарқылады.

4. Электрондық құжаттармен архивтік жұмыстың әдіснамалық негізінің болмауы.

Іске асырылып жатқан цифрлық трансформация және қағазсыз технологияларға көшу жөніндегі мемлекеттік саясат аясында Архивтің бүкіл жұмысын қайта пайымдау, атап айтқанда, цифрлық сақтаудың нормалары мен қағидаларын әзірлеу, цифрлық құжаттаудың, архивтеудің, пайдаланудың жаңа процестерін, сондай-ақ тұтас цифрлық архивке қойылатын талаптар мен оның даму перспективаларын айқындау талап етіледі. Бүгінде Архивте электрондық архивтерді құру және олардың жұмыс істеуі, деректер қорының қозғалысы мәселелері ғылыми, әдістемелік және практикалық тұрғыдан дәйектелмеген.

5. Кадрлардың біліктілік деңгейінің Архивті жаңғырту және цифрлық трансформациялау міндеттеріне сәйкес келмеуі.

Архив кадрларының жұмыстағы сапалы өзгерістерге дайын болмауы қалыптасқан әлсіз ұйымдастырушылық-әдістемелік инфрақұрылымға байланысты. Жоғары білікті, соның ішінде ғылыми дәрежелері бар мамандардың жетіспеуі Архивті цифрлық трансформациялауда ғылыми тәсілдер мен заманауи әдіснаманың болмауына алып келеді. Архивтік білім берудің архивтік практика мен өндірістен алшақтығы Архивті жаңғырту мен дамытуға қажетті құзыреттер мен дағдылардың сәйкес келмеуіне себеп болып отыр.

3. Шетелдік тәжірибені шолу

Қазіргі кезеңдегі шетелдік архивтерді дамыту тәжірибесін талдау әлемдегі жетекші архивтердің инновациялық дамуында жұмыстағы барынша ашықтық, архив құжаттарын саяси конъюнктураға қарамастан сақтау стратегиясын ұстану және цифрлық технологияларды ауқымды қолдану тренд екенін көрсетті.

Заманауи архивтік технологияларды дамытуда ең озық елдердің бірі – АҚШ-та құжаттарды сақтаудың президенттік орталықтарын құру дәстүрі қалыптасқан. Мемлекет басшысының құжаттарын қалыптастыру және сақтау міндеті архив ісі мен іс жүргізу саласында әлемдегі ең ірі және беделді ұйымдардың бірі болып табылатын Ұлттық архивтер және құжаттама басқармасына (NARA) жүктелген. Оның құрылымына 14 президенттік орталық кіреді, онда 400 млн беттен астам мәтіндік материал, шамамен 10 млн фотография, 5 мың километр кинотаспа, 100 мың сағаттық аудио және бейне жазбалар, сондай-ақ жарты миллионға жуық музей экспонаттары сақталуда. «Президенттік құжаттар туралы» Заң (1978 жыл) күшіне енген сәттен бастап бұл материалдар әкімшіліктің соңғы жұмыс күнінде автоматты түрде NARA-ға тапсырылады. Электрондық материалдар NARA-ның электрондық архивіне компьютерлік және серверлік жабдықтармен бірге өткізіледі. Президенттердің барлық құжаттарының тұрақты сақтау мерзімі бар. Заңда АҚШ президенттерінің жеке құжаттарын мемлекеттік сақтауға өткізуі жөнінде міндетті норма жоқ, бірақ ол АҚШ президенттері мен вице-президенттерінің ресми құжаттарын басқару тәртібін регламенттейді.

2009 жылы архив ісін компьютерлік жобалау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын анықтайтын Перспективалы жүйелер мен технологиялар орталығы (NCAST) құрылды. Архив материалдарына кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ету NARA-ның басым міндеті болып қала бермек. Архив құжаттарын құпиясыздандыру жөніндегі ұлттық орталықтың жанынан арнаулы жеткізгіштердегі құжаттарды құпиясыздандырумен айналысатын зертхана құрылған. 2013 жылдан бастап цифрлық көпшілік кітапхана жұмыс істейді, онда NARA-ның архив қорларынан 2 млн-ға жуық құжат көшірмесі онлайн-режимде қолжетімді.

Жалпы, АҚШ архивтерінің электрондық құжаттармен жұмысы 1970-шы жылдардан басталды, сол кезде SPINDEX-II, NARA A-I іздеу жүйелері әзірленіп, енгізілді және АҚШ-тың Ұлттық архивінің жанынан Электрондық архив құжаттарының орталығы құрылды (1972 жыл). Бүгінгі таңда NARA барлық федералдық мекемелер үшін құжаттаманы басқаруды автоматтандыру және электрондық құжаттарды АҚШ-тың Ұлттық архивіне тұрақты сақтауға беру стандартын әзірледі.

Ұлыбритания Ұлттық архивінің 2017 жылы қабылданған Электрондық стратегиясында құжаттық ақпаратқа деген көзқарас қайта қаралды. Оған мәтіндермен, аудио-, бейне-, фотоқұжаттармен, карталармен қатар, адам тікелей қабылдамайтын контент: биттер, лог-файлдары және өзге деректер, сондай-ақ компьютерлік кодтар кіреді. Бұл электрондық құжаттар проблемаларының қалыптасуына алып келеді. Электрондық стратегия қоғамда архивтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтетін және архивтік ақпаратқа жаңа интернет-аудиторияны тартатын инновациялық электрондық архив құруды көздейді. Электрондық стратегияны іске асыру нәтижесінде мынадай тармақтар: құжаттарға қолжетімділік алу және оларды пайдалану тәсілдерін трансформациялау, электрондық мүмкіндіктерді, дағдыларды және цифрлық мәдениетті дамыту белгіленді. Сонымен бірге, Ұлыбритания архивтерін трансформациялаудағы әдіснамалық ілгерілеу қағаз құжаттарға арналып әзірленген (әлемнің барлық жерінде болып жатқан) дәстүрлі архивтік практикалардың электрондық нысандағы имитациясы болашақ архивтерінің қалыптасуының аралық кезеңі ғана болып табылатыны туралы дүниетанымға байланысты. Электрондық құжаттардың өмірлік циклінің моделі қағаздағы құжаттарға арналған модельмен бірдей болмауға тиіс. Электрондық құжаттармен жұмыс бұрынғы дәстүрлерден толығымен бас тартуды талап етеді, бұл архивтік практиканы негізгі жинақтау, сақтау және пайдалану қағидаттарынан бастап түбегейлі түрде қайта пайымдауға мүмкіндік береді.

Қытай Халық Республикасының архив жүйесін ерекшелейтін айырмашылық 2021 жылы қабылданған салалық заңда бекітілген, онда архив мекемелері саяси мекемелер ретінде көрсетілген. Ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, бұл цифрлық архив ресурстарын (электрондық құжаттарды, құжаттардың цифрланған кескіндерін) жаппай қалыптастыруға байланысты.

2009 жылы Электрондық құжаттарды басқару жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық бірлескен кеңес құрылды. 2014 жылдан бастап электрондық құжаттармен жұмыс ҚХР-дың барлық мемлекеттік архивтеріне енгізілді, жаңа технологияларды ескере отырып, электрондық құжаттарды басқару жүйесінің функцияларына қойылатын бірыңғай талаптар (2015 жыл), әртүрлі компаниялар құрған деректерді басқару жүйелерін біріздендіруге арналған стандарт (2016 жыл) әзірленді. Нәтижесінде, 2021 жылы ҚХР-дың алғашқы тарихи архиві көпшілікке өзінің ішкі ақпараттық платформасында архивтік құжаттардың 4,7 миллионға жуық электрондық кескінін ашты.

Цифрлық деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеу үшін big-data, жасанды интеллект және 5G технологиялары негізінде басқару құралдарын әзірлеу жүргізілуде. Толық мәтінді тану жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылуда. Құрылған ҚХР архивтерін мемлекеттік басқару порталы іздеу жүйелерін орталықтандырудың және архивтік ақпараттық ресурстар алмасудың бірыңғай платформасы қызметін атқарады. Бұл ретте ол тек қытай тілін білетін тіркелген пайдаланушыларға ғана қолжетімді.

Архивтерді дамытудың осы негізгі бағыттары 2050 жылға қарай ҚХР-ды кибердержава мәртебесінде нығайтуды көздейтін Ұлттық ақпараттандыру стратегиясына енгізілді.

Корея Республикасының бай құжаттық мұрасы мемлекеттің құжаттарды сақтауға деген дәстүрлі дүниетанымын қалыптастырды. Билік институттары сабақтастығының заңды айғақтары ретінде тарихи құжаттарға жүгіну архивтік құжатты мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Соның салдарынан Корей үкіметі архив инфрақұрылымын дамытуға, архившілерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға, архив менеджментінің озық жүйелерін енгізуге, жастар арасында «архивтік сананы» насихаттауға ерекше көңіл бөледі.

Корея Республикасы электрондық технологияларды пайдаланудағы әлемдік көшбасшы ретінде электрондық құжаттарды жедел пайдалану мен архивтік сақтауда үлкен тәжірибе жинақтады. Заманауи архив жүйесі экономикалық орындылық қағидаты негізінде құрылған, қоғамдық (көпшілік) құжаттаманың жүргізілуі мен сақталуын қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылау белгіленген.

2006 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдарда электрондық құжат айналымы жүйесі енгізілді. Оларда қалыптастырылған құжаттар Архивтік құжаттарды басқарудың орталық жүйесіне (Central Archives Management System, CAMS) беріледі, ол Ұлттық архивтің басқаруымен олардың ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз етеді. CAMS бағдарламалық қамтылымның 8 түрінен тұрады, олар үшін Цифрлық құжаттарды басқарудың бизнес-процестерінің эталондық моделі (Business Reference Model, BRM) әзірленген. Басқару құжаттарды қабылдауға, сақтауға, ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз етуге, құндылығын сараптауға және жоюға, сондай-ақ олардың архивтік сипаттамасына қатысты болады. Сондай-ақ модель бақылау, қол жеткізу мен аудитті хаттамалау функциясын қолдайды. Электрондық құжаттардың сыныптамасы мен грифтерін өзгерту туралы мәліметтер сияқты тарихи ақпарат ұзақ мерзімді сақтау форматының шеңберінде мерзімді түрде және қайталап жазу арқылы сақталады және басқарылады.

Корея Республикасындағы сақтандыру көшірмесі АҚШ пен Еуропа архивтеріндегі сияқты стратегиялық маңызды жазбаларды кепілдік беріп сақтау мен қайта жаңғыртудың баламасыз әдісі болып қала бермек. Бұл ретте сақтандыру қорын құрудың міндетті шарты оның негізгі архивтік қоймадан аумақтық қашықтығы болып табылады.

Корея Республикасы президентінің қызметінде түзілген құжаттармен жұмыс 2007 жылғы «Президенттік құжаттар туралы» Заңмен реттеледі. Президенттік жазбаларды (құжаттарды) жинауды, басқаруды және оған қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ел Президентінің архиві жұмыс істейді. Оның қорларында Корея Республикасының барлық президенттерінің құжаттары, фотографиялары, бейнежазбалары, сыйлықтары мен басқа да жәдігерлері сақталған.

Түркия Республикасында архивтер құрудың терең тарихи дәстүрі бар. Ыстамбұл қаласындағы Түркия министрлер кеңесі іс басқармасының ірі архиві 50 миллионға жуық құжаттарды қамтиды, олардың алғашқысы 14-15 ғасырларға жатады. Архивтер саясаты әртүрлі, оның ішінде электрондық сервистер арқылы архив құжаттарына жылдам қол жеткізу стратегиясын ұстанады. Архив ісінде бұлтты есептеу технологиясын пайдалану архивтердің цифрлық жұмыс веб-платформаларына көшуін және құжаттық мұраны кеңінен танымал ету веб-құралдарын енгізуді қамтамасыз етті.

Елдің архив мекемелерінің ақпараттық қызметі дәстүрлі архив жұмысының барлық спектрін: құжаттарды анықтауды, олардың ғылыми сипаттамасын жасауды, мемлекеттік органдардың құжаттарын жариялауды қамтиды. Мемлекет архивтерді басқаруды нақты орталықтандыруды азаматтардың дербес деректерін қорғау ұмтылысымен байланыстырады. Архивтік құжаттарды есепке алудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді, онда бірінші кезекте мемлекеттегі заңдық, құқықтық, қаржылық қатынастар тіркелетін құжаттарды сақтауға басымдық беріледі.

Түркияға жеке архивтерді жинақтауға, мемлекет басшылары архивтерінің зерттеу орталықтары ретінде қалыптасуына көңіл бөлудің күшеюімен сипатталатын архив ісін еуропаландыру үрдісі тән.

Ел президенттерінің қызметіне қатысты құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету 2018 жылы құрылған Түркия президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының функциясына кіреді және жеке стратегиялық жұмыс бағыты ретінде бөлінген. Президент архивінің міндеттеріне президенттің қызметін құжаттамалық сүйемелдеу және архивтік қамтамасыз ету, сондай-ақ Ататүрік пен келесі мемлекет басшыларының басқару кезеңдеріне қатысты ақпаратты, құжаттарды, заттарды, фотографиялар мен басқа да деректерді жинау, сақтау; зерттеулер жүргізу және құжаттарға қолжетімділік беру кіреді.

ХХ ғасырда посткеңестік архивтердің бірыңғай жұмыс істеу жүйесі архив жұмысында ортақ тәсілдердің қалыптасуына себепші болды. ТМД елдерінде архив практикаларында сабақтастықтың сақталуы қазіргі кезде де байқалады. Архив құжаттарын басқаруды ұйымдастырудың әдіснамалық және әдістемелік негіздері БҚМІҒЗИ (Ресей Федерациясы), БелҚМІҒЗИ (Беларусь Республикасы), УкрҚМІҒЗИ (Украина) сияқты тарихи қалыптасқан архивтану ғылыми орталықтарының зерттеулеріне негізделген. ТМД архивтерінің электрондық құжаттарға, оларды сипаттауға, олармен жұмыс істеуге, оларды пайдалану мен жариялауға қойылатын талаптарды қалыптастыруға бет бұруға байланысты дәстүрлі архивтік эвристикадан бас тартуы олардың дамуындағы ортақ үрдіс болып табылады. Цифрлық ортада туындайтын жаңа құжат түрлерімен толықтыру, оларды сақтау және пайдалану мәселелерін шешу – ТМД ұлттық архивтік қызметтерінің ортақ әдіснамалық мүдделерінің аясы.

Мемлекеттік архивтердің қызметінде бірінші тұлғалар мен жоғарғы билік органдарының құжаттарымен жұмыс маңызды орын алады. Ресей Федерациясы президентінің архиві 1991 жылы құрылды. Оның басты міндеті президенттің жарлықтары мен өкімдерінің, федералдық конституциялық және федералдық заңдардың түпнұсқаларын, сондай-ақ оларды қабылдауға байланысты материалдарды сақтау болып табылады. Жаңадан сайланған Ресей президентіне жаңа президент қорын құруды бастау туралы ұсыныс енгізіледі. Бұл практика архивтік сақтауға тапсырылатын істерді дайындау сапасын арттырады. 1992 жылдан бастап Ресей президентінің электрондық архивін қалыптастыру басталды, оның міндеттеріне құжаттарды есепке алу және қажетті ақпаратты жедел іздеу кіреді.

Архивтік құжаттардың қауіпсіздігін арттыру және сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесінде сақтандыру көшірмесі ерекше орын алады. Архивтер үшін бірегей және аса құнды құжаттарға сақтандыру қорын құру міндеті қолданыстағы заңнамада белгіленген. Федералдық архив агенттігі (Росархив) архив қорының ерекше құнды құжаттарына, оның ішінде ерекше есепке алу, сақтау және пайдалану режимі белгіленетін бірегей құжаттарға сақтандыру қорын құруды және сақтауды ұйымдастырады. Осы мақсаттар үшін Тюмень облысының Ялуторовск қаласында «Сақтандыру қорын сақтау орталығы» (СҚСО) федералдық қазыналық мекемесі құрылды, онда Ресей архивтерінің ерекше құнды құжаттарынан түсірілген микроформаларды аумақтық қашықтықтан және нормативтік сақтау қамтамасыз етіледі. СҚСО-ның зертханалық корпусы сақтандыру қоры микроформаларының сапасын бақылауға және пайдалану қорының көшірмелерін таспалы және электрондық жеткізгіштерде дайындауға арналған заманауи жабдықпен жарақтандырылған. 2016-2020 жылдар аралығында сақтандыру қоры микроформаларының 21,7 миллионнан астам кадры СҚСО-ға берілді.

Электрондық құжаттарды архивтің сақтаудың ұзақ мерзімді перспективасында олардың заңдық маңызы мәселелері ресейлік практика үшін өзекті болып қалуда. 2019 жылы қабылданған «Ресей Федерациясының цифрлық экономикасы» ұлттық бағдарламасы бойынша электрондық архив құжаттары мен оларға анықтамалық-іздестіру құралдарын орталықтандырып қабылдау мен сақтауды, электрондық архивтік құжаттарды жедел іздеуді қамтамасыз етуге тиіс болатын және Интернет желісін пайдалану арқылы электрондық архивтік құжаттарды іздеуге және қарауға мүмкіндік беретін «Электрондық құжаттарды сақтау орталығы» платформасы» ақпараттық жүйесін құру көзделеді.

Талдау көрсетіп отырғандай, жалпы алғанда, архивтердің жұмысын ұйымдастыруда ортақтық бар. Ол сараптау міндеттерін, жинақтау мақсаттарын, құжаттарды архивтік сақтау мен пайдалануды ұйымдастыру әдістерін бірыңғай түсінуге тіреледі. Сонымен қатар, мақсаттар мен міндеттерді іске асыру көзқарастары, тәсілдері ерекшеленеді. Архив жұмысында архивтік әдіснаманың ретроспективті тарихи-мәдени мәнмәтініне баса назар аударылатын Қазақстаннан бір ерекшелігі шетелдік архив практикасында, әсіресе АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде мемлекеттің жұмыс істеуін құжаттық қамтамасыз етуде архив мекемелерінің стратегиялық рөлі туралы көзқарас басым.

Архивтерді цифрландырудың байқалып отырған жалпы әлемдік үрдісі қызметті қайта құруды, құжаттық ақпараттың жаңа түрлерімен жұмыс істеу үшін қазіргі заманғы шешімдерді іздеуді, тиісті әдістемелік базаны қалыптастыруды, құжаттарды жинақтау және сақтау құралдарын жетілдіруді, цифрлық сақтаудың бірыңғай саясатын қабылдауды талап етеді. Әсіресе, бұл үрдіс ұзақ мерзімді перспективада мемлекет басшылары құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге деген ұмтылыста көрініс табады.

4. Архивті дамыту қағидаттары, мақсаты мен міндеттері

Архивтің дамуы мынадай қағидаттарға негізделетін болады:

- ҰАҚ құжаттарын цифрлық платформаларда жинақтау, сақтау және пайдалану бойынша жұмыс бағыттарының сақталуы мен одан әрі дамуындағы сабақтастық;

- алдыңғы қатарлы архив тәжірибесін пайдалану мен архив менеджментінің заманауи шешімдерін енгізудегі тиімділік;

- архивтік құжаттардың еркін пайдалану үшін қолжетімді болуы және цифрлық технологиялар арқылы Архив қорларымен жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекеттің қауіпсіздігіне, сондай-ақ азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарына байланысты құжаттарға қолжетімділікті шектеу;

- Архивті цифрландырудың инновациялық шешімдерін әзірлеуде және ведомстволық және мемлекеттік сақтау сатыларында құжаттарды басқарудың сервистік моделін жобалауда әріптестік.

Архивті 2035 жылға дейін дамытудың стратегиялық мақсаты – оны құжаттамалық қамтамасыз ету мен архивтік сақтаудың әлемдік практикаларын табысты енгізетін, Қазақстандағы архивтік жұмыстың әдіснамалық орталығы функциясын орындайтын, еліміздің архивтерін тұрақты жетілдіру мен үдемелі өсірудің бастамашысы және интеграторы болып табылатын ТМД елдеріндегі жетекші архив мекемелерінің біріне және Қазақстанның архив саласының көшбасшысына айналдыру.

Мақсатқа жету үшін мына міндеттерді шешу қажет:

1) халықаралық тәжірибені талдау және заманауи архив әдіснамасын практикаға енгізу арқылы архив қорын жинақтаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру;

2) ҰАҚ құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Архивтің инфрақұрылымын жаңғырту және материалдық-техникалық жабдықтандыруды нығайту;

3) Архивті «e-archive» (электрондық архив) архитектурасынан «i‑archive» (интеллектуалды архив) архитектурасына цифрлық трансформациялау;

4) Архивті ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихы жөніндегі құжаттарды сақтау мен зерделеудің республикалық орталығы ретінде қалыптастыру;

5) халықаралық аренада елдің имиджін нығайту және Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның тарихи-құжаттық мұрасын кеңінен таныту арқылы Мемлекет басшысының саясатын насихаттау;

6) Архивтің базасында құжаттану, архивтану және археография саласындағы ғылыми-қолданбалы және әдістемелік зерттеулер бағыттарын институттандыру;

7) жоғары білікті архившілер мен құжаттанушылардың пулын қалыптастыру бойынша Архивтің отандық және шетелдік архив мекемелерімен, ҒЗИ-лармен және ЖОО-лармен көп аспектілі өзара
іс-қимылын ұйымдастыру.

5. Негізгі іске асыру бағыттары мен кезеңдері

Мақсаттың мазмұнына қарай Архивтің даму бағыттары және міндеттерін іске асыру кезеңдері айқындалды.

Тұжырымдама міндеттерді үш кезеңде іске асыруды көздейді:

1-ші кезеңде (2022–2025 жж.) Архив жұмысының нысаны мен мазмұнында сапалық өзгерістер болады;

2-ші кезең (2026–2030 жж.) перспективалық даму трендтерін қалыптастырумен сипатталатын болады;

3-ші кезеңде (2031–2035 жж.) ұзақ мерзімді өсудің орнықты үрдісі байқалады.

Әр кезең үшін стратегиялық жоспар әзірленеді.

Архив қорларының сақталуын қамтамасыз ету

1-ші кезең

Бұл кезеңде Архивтің ішкі инфрақұрылымы Алматы қаласында дамитын болады. Архив ғимаратын электрмен жабдықтаудың бірінші санатына қосу және архив қоймаларын газбен өрт сөндіру жүйесімен жарақтандыру қамтамасыз етіледі.

АрМА құжаттарын Архивке қабылдау ескеріле отырып, архив қоймаларында құжаттар үшін логистикалық маршруттарды (топографиялық карта) оңтайландыру жоспарланады. Қағаз құжаттарды реставрациялау және консервациялау зертханасы жабдықталады.

Нұр-Сұлтан қаласында архив қоймаларын дайындап, құжаттарды сараптау мен реставрациялаудың мамандандырылған зертханаларын жабдықтап, заманауи мамандандырылған ғимарат салу арқасында Архивтің жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру аяқталады. Сонымен бірге, бөлінген байланыс арналары арқылы Нұр-Сұлтан қаласындағы және Алматы қаласындағы Архив қызметтерінің өзара тиімді іс-қимылын ұйымдастыру жоспарлануда. Екі қаладағы архив қоймаларының аумақтық қашықтығы аса құнды құжаттардың сақтандыру қорын сақтаудың нормативтік талаптарына жауап беретін болады (Тәуелсіздік кезеңі – Алматы қаласында, кеңестік кезең – Нұр-Сұлтан қаласында).

ҰАҚ құжаттарын мемлекеттік есепке алуды автоматтандыру мақсатында ғылыми-анықтамалық аппаратты – істер тізімдемелерін цифрлық форматқа көшіру аяқталады. Бұл ретте қарқынды ұлғайып келе жатқан мультиформатты құжаттар көлемінің сақталуын қамтамасыз етуде орныққан тәсілдерді қайта қарау болжанып отыр.

2-ші кезең

Жедел басқару мақсатында Тәуелсіздік кезеңінің архив қорларын Алматы қаласындағы қоймадан Нұр-Сұлтан қаласындағы қоймаға ауыстыру жүзеге асырылады. Жаңа Архив ғимаратында құжаттарды (оның ішінде мультиформатты құжаттарды) мемлекеттік сақтауға қабылдау басталады.

Электрондық құжаттар көлемінің ұлғаюына байланысты, жыл сайынғы қағаз құжаттарды қабылдаудың азаюы цифрлық деректерді сақтау әдіснамасын өзгертуге негіз болады.

Алматы қаласындағы Архивте құжаттарды реставрациялаудың, оқылуы нашар мәтіндерді қалпына келтірудің, қағаз құжаттарды консервациялық-профилактикалық өңдеудің жаңа әдістерін зерделеу және енгізу бойынша зерттеу зертханасын құру жоспарлануда.

3-ші кезең

Нұр-Сұлтан қаласындағы Архив құжаттарды микрофильмдеу бойынша заманауи жабдықпен жарақтандырылады, бұл Тәуелсіздік кезеңіндегі аса құнды құжаттардың сақтандыру қорын толық қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің қызметін ақпараттық сүйемелдеу және құжаттамалық жұмыс істеу базасын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды құжаттар пулын құру жоспарлануда.

Архивтік құжаттарды цифрландыру жұмысы аяқталып, соның нәтижесінде электрондық пайдалану қоры құрылып, архивтік ақпараттың онлайн-режимде қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

Архив қорын жинақтау

1-ші кезең

Архив үшін электрондық құжаттармен жұмыс басым міндетке айналады. Ол үшін озық шетелдік тәжірибені зерделеу және мемлекеттік органдардың электрондық құжаттармен жұмысы бойынша ғылыми негізделген ұсыныстарды, практикалық ұсынымдарды әзірлеу жөніндегі ғылыми-қолданбалы жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Архивтің үйлестіруші рөлін күшейту және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында жинақтау көздері болып табылатын мемлекеттік ұйымдардың ведомстволық архивтерінің қызметін бағалау жүйесі енгізілетін болады.

Архивті әртүрлі жеткізгіштегі қазіргі заман тарихының құжаттарымен толықтыру кезінде Мемлекет басшысының жеке архивін қалыптастыруға, осы жұмыстың әдіснамалық құралдарын әзірлеуге ерекше көңіл бөлу жоспарланады.

2-ші кезең

Құжаттардың құндылығын сараптау жұмысының мазмұнын өзгерту жаңа үрдіс болмақ.

Архив қорын құрушылардың тізімін жасау мен жүргізудің жаңа тәсілдері тұжырымдалады, жеке текті құжаттардың құндылығына сараптама жүргізудің әдістемелік базасы жетілдіріліп, шарттық негіздегі жұмысты одан әрі ұйымдастырудың базалық қағидалары айқындалады.

Мемлекет басшысының құжаттарын цифрлық жеткізгіште архивтеудің бизнес-процесін әзірлеу ұсынылады.

Архивті сапалы жасақтау міндетін шешу үшін жинақтау көздері болып табылатын мемлекеттік емес ұйымдарды (саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, этно-мәдени орталықтарды) құжаттандыру және архивтік сақтау бойынша қызметтің инвестициялық тартымдылығы құралдары енгізіледі.

Құжаттарды ведомстволық сақтау мерзімі біртіндеп (5 жылға дейін) қысқартылады.

3-ші кезең

Бастамашылық құжаттау және бастамашылық жинақтау Архивтің жинақтау жөніндегі жұмысының жаңа бағытына айналады, бұл тарихи құндылығы бар және тұрақты сақтауға берілуге жататын құжаттардың ақпараттық мазмұнын арттырып, тарихи оқиғалардың құжаттық құрамының толықтығын, көрнекілік сипатын қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысының архив қоры қалыптастырылып, ресімделеді.

Архивті жинақтау көздері болып табылатын мекемелер үшін модельдік цифрлық қойма жобасын әзірлеу көзделеді, оны енгізу цифрлық ақпаратты тиімді басқаруды және оны білім базасы ретінде пайдалануды қамтамасыз етеді.

Архивтің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын сақтау мен зерделеудің республикалық орталығы ретінде қалыптасуы

1-ші кезең

Орталықтың қызметі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев белгілеп берген тарихи жадыны сақтау мен ұлттық сананы қалыптастырудың біртұтас саясаты аясында саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу міндеттерін іске асыруға бағытталады.

Орталық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын архивтік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің, ҰҚК-нің, Бас прокуратурасының АрМА құжаттарын қабылдау және Архивке тапсырылған құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу аяқталатын болады. Олардың негізінде Архив әлеуметтік-құқықтық және тақырыптық сұрау салуларды орындауға кіріседі, ол үшін жадынамалар, нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар әзірленеді.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисі» архив қорын қалыптастыру Мемлекеттік комиссияның қызметі туралы құжаттар мен материалдарды ҰАҚ құрамына беруді қамтамасыз етеді.

Архивтің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен өзара іс-қимыл жасауы ХХ ғасырдағы архив құжаттарын талдау, ғылыми жобаларды, қалың жұртшылыққа арналған публицистикалық басылымдарды дайындау бойынша бірлескен жұмысқа бағытталатын болады.

2-ші кезең

Архивке тапсырылған Қазақстан Республикасы ІІМ-нің, ҰҚК-нің, Бас прокуратурасының АрМА құжаттарына ғылыми-анықтамалық аппарат жасау, оларды сипаттау және ҰАҚ құрамына енгізу жөніндегі жұмыс аяқталады.

Архив жеке тектік құжаттарды жинақтауға және олардың негізінде архивтік коллекцияларды Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы жөніндегі материалдармен толықтыруға бастама жасайды.

«Азалы тізім» просопографиялық деректер базасын құру және толтыру аяқталатын болады. ҚР ІІМ-нің, ҰҚК-нің, Бас прокуратурасының АрМА-сынан Архивке өткізілген құжаттар бойынша Жөнсілтеме дайындалады.

Құжаттарды құпиясыздандыру жұмысының аяқталуы ХХ ғасырдағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша зерттеулердің археографиялық қорын кеңейтеді.

3-ші кезең

Орталық 1920–1950 жж. АрМА құжаттарына реставрациялық-профилактикалық жұмыстарды жүргізуге кіріседі.

Қазақстандықтардың ұлттық жадын сақтау және тарихи санасын қалыптастыру үшін АрМА құжаттарының негізінде «есте сақтау орындарының» интерактивті жөнсілтер-карта құрастырылады, отандық және шетелдік әріптестермен зерттеу жобаларын іске асыруға бастама жасалады.

Қабылданған шаралар кешені Архивтің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын сақтау мен зерделеудің республикалық орталығы ретінде одан әрі қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Архивті жетекші зерттеу және әдістемелік орталық ретінде дамыту

1-ші кезең

Құжаттану және архив ісі саласындағы қолданбалы және ғылыми зерттеулерді әзірлеу Архивтің жаңа жұмыс бағытына айналады. Архив ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеледі.

Қазақстандық архивтердің жинақталған ғылыми және әдістемелік әлеуетін мониторингтеу мен бағалау, отандық әзірлемелердің практикалық қолданылу дәрежесін айқындау жоспарланып отыр. Олардың қорытындысы бойынша мамандар арасында талқылау үшін құжаттану, архивтану және археография проблемалары бойынша ғылыми зерттеулерге талдамалық шолу (1991-2023 жж.) ұсынылатын болады.

Жетекші республикалық және шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен ұзақ мерзімді әріптестік қатынастар орнатылады. Архив Қазақстан архившілері конгресін өткізудің бастамашысы және ұйымдастырушысы болады, ол кәсіби қоғамдастықтың өзара іс-қимылы мен сындарлы диалогы, архивтерді дамытудың инновациялық идеяларын жасау, жобаларды іске асыру және үздік архивтік практикаларды тарату, жас мамандарды оқыту алаңы болып табылады.

2-ші кезең

Саланың жетекші мамандарынан және шет елдер мамандарынан тұратын сарапшылар клубының жұмысы архив қызметін жетілдіру мен Архивті жетекші әдіснамалық орталық ретінде қалыптастырудың жаңа құралы болады. Сарапшылар клубы жаңа идеяларды, жобаларды жинақтауға, архив ісінің инновациялық шешімдерін практикада байқап көруге арналған заманауи зияткерлік алаң ретінде әрекет етеді.

Құжаттық жарияланымдарды, жинақтарды дайындау саласында Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын көрсету басым болады. Архивтің бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру жобаларына қатысуы ғылыми басылымдарда Архивтің дәйексөз алу индексін арттырады.

3-ші кезең

Архивтің оқу-әдістемелік әдебиеттерін әзірлеу ғылыми зерттеулердің қорытындысы болады. «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің электрондық пайдалану қоры: құру, сақтау, есепке алу және пайдалану» талдамалық шолуын дайындау аяқталады.

Қазақстан архившілерінің конгресі дамып, оған халықаралық мәртебе беріледі.

Үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Архив smart технологиялар мен бұлтты сервистерді пайдалану арқылы жұмысты ұйымдастырудың аналогтық нысандарынан цифрлық форматтарына көшу концептін әзірлейді, архив саласындағы жаңа идеялардың генераторы және елдегі құжаттану мен архив ісінің өзекті проблемаларының дайын шешімдерін ұсынушы болады.

Ғылыми пікірталастардың жаңа форматында архившілердің халықаралық жазғы мектептері ұйымдастырылады, облыстық архивтер базасында өңірлердегі Архив күндері арқылы Қазақстанның архившілерін кәсіби топтастырудың жаңа оқу-әдістемелік форматы ұсынылады.

Архивті цифрлық трансформациялау және ақпараттық-іздестіру жүйесін дамыту

1-ші кезең

Клиентке бағыт ұстау, ақпараттың ұтқырлығы және қолжетімділігі Архивті цифрландырудың жаңа трендтеріне айналады.

Архивтің ақпараттық жүйесіне реинжиниринг жүргізіліп,
ІТ-технологиялардың негізінде интеллектуалды архив экожүйесін қалыптастыру үшін платформалық шешімдер қолданылады.

Бұлтты технологияларды пайдалану цифрлық өнімдер мен сервистердің, атап айтқанда, Архивтің зерттеушілермен онлайн-жұмыс істеу жүйесінің, «Архивтік анықтама беру», «Оқу залына жазылу», «Кітапханадан және Анықтамалық-ақпараттық қордан әдебиеттерге тапсырыс беру» ақпараттық интерактивті онлайн-көрсетілетін қызметтер таблоидтарының пайда болуын қамтамасыз етеді. Оларға «бір терезе» қағидаты бойынша қол жеткізу үшін мобильді қосымша әзірленеді.

Архивтің цифрлық шешімдерінің ақпараттық қауіпсіздігі мәселелерін шешуге ерекше назар аудару жоспарлауда.

2-ші кезең

Архив ісін цифрландырудың жаңа әдіснамалық құралдары мен практикалық ұсынымдары әзірленіп, ұсынылатын болады. Архивтің ең сәтті шешімдері Қазақстанның басқа архив мекемелеріне тарату үшін сервистердің прототиптерін жасауға негіз болады.

Архивтің ақпараттық ресурстарын басқа ақпараттық ресурстармен интеграциялау міндетін іске асыру үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету алгоритмін және архивтің веб-порталы арқылы қолжетімді болатын архивтік эвристика құралдарын әзірлеу жоспарлануда.

Әлеуметтік-құқықтық және тақырыптық сұрау салуларды орындау электрондық форматта жүргізілетін болады. Архивтің Оқу залына қағаз жеткізгіште құжаттарды беру тоқтатылады, бұл қағаздағы түпнұсқалардың ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Архивтің Оқу залына келушілердің зерттеушілік сұраныстарын архивтің қоғаммен цифрлық коммуникациясының бірыңғай платформалық шешіміне айналатын веб-портал арқылы қашықтан орындау жоспарланады.

3-ші кезең

Көрсетілетін қызметтер спектрі, архивтік ақпараттық ресурстарды орталықтандыру және оларды қолжетімді ету, көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда қашықтан ұсынуға көшу есебінен архивтік ақпаратты пайдаланушылардың құрамы мен географиясы кеңейтіледі.

Дербес коммуникация құралдары үшін IT-өнімдерін әзірлеу арқылы Архивтің жинақтау көздері болып табылатын ұйымдармен өзара іс-қимылының ұтқыр шешімдері енгізіледі, сондай-ақ Архивтің жинақтау көздері болып табылатын мемлекеттік мекемелердің ведомстволық архивтерінің қызметкерлері үшін қашықтан жұмыс істеу орындары құрылады.

Бағдарламалық модульді құру және Архивтің жинақтау көздері болып табылатын мемлекеттік емес ұйымдарды авторландырылған қол жеткізу функциясы бар қашықтан жұмыс істеу орнына қосу аяқталады.

Архив қызметкерлері үшін қорғалған байланыс арналары арқылы қашық онлайн-сервистер ағымдағы қызмет процестерін ұйымдастыру үшін цифрлық платформа болады.

 

Архивтің ақпараттық қызметінің инновациялық құралдарын енгізу

1-ші кезең

Архивтің ақпараттық саясатына: архивтік құжаттарға қоғамдық сұранысқа жәрдемдесу стратегиясынан – ХХ ғасырдың және Тәуелсіздік кезеңінің тарихи-құжаттық мұрасын ғылыми айналымға енгізу жөніндегі кешенді археографиялық жұмыс арқылы тарихи сананы қалыптастыру стратегиясына көзқарас қайта пайымдалатын болады. Бұл жыл сайын ғылыми айналымға енгізілетін ауқымды құжаттық негізде ғылыми зерттеулер мен тиісті жобалар жүргізуге, тарихи өткенді ашық және объективті ұғынуға қуатты ынталандыру болады.

Архивтің ағартушылық және тәрбиелік рөлі ұлттық құрылыстың оң тәжірибесін насихаттауға бағытталған жастардың әлеуметтік маңызы бар жобалары арқылы көрініс табады.

Архив «Ашық қоғамға – ашық архив» жобасын іске асыруға бастамашылық етеді.

Архивтік құжатты визуалдаудың 3D-технологиялары, клипарт-мультимедиа құжаттық мұраны кеңінен таныту мен трансляциялаудың инновациялық нысандары болады.

Архивтің «Жаңа Архив» басылымы бұқаралық ақпарат құралы ретінде тіркеледі.

2-ші кезең

Социометриялық көрсеткіштер негізінде тиімділігі мен нәтижелілігіне бағалау жүргізу арқылы өткізілетін іс-шаралар контентінің сапасына басты назар аударылады.

Құжаттық мұраны кеңінен танытудың кешенді цифрлық шешімдерін пайдалана отырып, тарихи-құжаттық көрмелерді ұйымдастыру үшін интерактивті платформа әзірлеу жоспарлануда.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа Архив ғимаратының базасында Қазақстан Республикасы Президентінің қызметі, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын іске асыру туралы архив құжаттары бар, сондай-ақ Архивтің аса құнды құжаттар топтамаларына шолу жасалған экспонаттық залдар жасақталады.

Архивтің құжаттық жинақтарын «электрондық кітап» форматында (HTML-формат) дайындау практикаға енеді.

3-ші кезең

Шетелдік архивтер мен жеке коллекциялардағы Қазақстан тарихы бойынша архив материалдарын анықтау Архивтің құжаттарды пайдалану жөніндегі жұмысының жаңа бағыты болады.

Шетелдік архивтердің Қазақстан туралы қорларының анықтамасы берілген каталог әзірленеді. Бұл жұмысты шетелдік мамандармен және әріптестермен бірлесіп ұйымдастыру ТМД-ның, Еуропаның, Азияның, АҚШ-тың архив мекемелерімен шығармашылық және кәсіптік байланыстарды одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.

БАҚ-та жиі аталуының жоғары рейтингі Архивтің ақпараттық қызметі тиімділігінің көрсеткіші болады.

 

Архивтің кадрлық әлеуетін дамыту

1-ші кезең

Архивті сала көшбасшысы ретінде қалыптастыру құралдарының бірі оның кадрлық әлеуетін, оның ішінде жоғары білікті мамандарды тарту және даярлау арқылы нығайту болып табылады. Осы мақсатта ЖОО-лармен әріптестікте құжаттану және архивтану бойынша дуальді оқытудың білім беру бағдарламаларын сапалы сүйемелдеу қамтамасыз етіледі.

Жас мамандармен жұмыс даму траекториясына айналып, оларға мансаптық өсу жүйесі жасалады. Қызметкерлерді аттестаттау рәсімдері қызмет тиімділігін өлшеу негізінде жетілдірілетін болады.

Әрбір қызметкердің әлеуетін бағалау негізінде басқарушы кадрлар базасын құру және «таланттар пулын» қалыптастыру жоспарлануда.

Корпоративтік мәдениет өзгерістерге ұшырайды, Архивтің тартымдылығын арттыруға және қызметкерлерді дамытуға жеке тәсілдерді қалыптастыруға баса назар аударылады. Тәлімгерлік институтын енгізу көзделеді.

Архивте ашықтық және объективтілік қағидаттарына, қызметкерлерді ынталандыру тетігіне, корпоративтік мәдениетті және жайлы жұмыс жағдайларын қалыптастыруға негізделген рекрутмент жүйесі әзірленетін болады.

2-ші кезең

Архив қызметкерлеріне инвестициялық көзқарастың HR-стратегиясын әзірлеу жоспарлануда, оның шеңберінде олардың біліктілігін жыл сайын, оның ішінде шетелде арттыру көзделетін болады.

Бейіндік жоғары архивтік білімі бар түлектер бос лауазымдарға орналасуға арналған конкурстардың белсенді қатысушысы болады, оларға резервте тұрғандардың құрылатын деректер базасы арқылы атаулы ақпараттық хатпен хабар беріледі.

3-ші кезең

Архивтің кадрлық саясатының шеңберінде қызметкерлерге «деңгейлес» функциялар мен өкілеттіктерді уақытша беру қағидаттары пайдаланылатын болады. Құзыреттерді дамыту және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті күшейту күтілетін нәтиже болып табылады. Осылайша, ұжымда креативті ойлауды дамыту мен бастамашылық танытуға, қызметкерлердің коммуникабелділігін арттыруға жағдайлар жасалады.

Кадрлық саясатты іске асыру Архивті әмбебап құзыреттер жиынтығына ие және белсенді азаматтық ұстанымы бар біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етеді.

6. Нысаналы индикаторлар

р/с

Индикатордың атауы

Өлшем бірлігі

I кезең

2022-2025 жж.

II кезең

2026-2030 жж.

III кезең

2031-2035 жж.

1.

Архивтің сараптау-тексеру әдістемелік комиссиясының шешімімен жинақтау көздері болып табылатын ұйымдарға пысықтауға қайтарылатын материалдардың үлесі

%

20

10

0

2.

Архивтің жинақтау көздері болып табылатын ұйымдарда құжаттардың ведомстволық сақталу мерзімі

жыл

15

10

5

3.

Архивтің жинақтау көздері болып табылатын ұйымдарда сақталатын, сақталуын қамтамасыз етудің нормативтік жағдайларындағы құжаттардың  үлесі

%

50

75

100

4.

Жыл сайын мемлекеттік сақтауға қабылданатын дәстүрлі жеткізгіштегі құжаттардың көлемі

сақтау бірлігі

7 000

6 000

5 000

5.

Жыл сайын мемлекеттік сақтауға қабылданатын цифрлық жеткізгіштегі құжаттардың көлемі

сақтау бірлігі

3 000

5 000

7 000

6.

Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі заманғы, технологиялық жағынан жарақтандырылған, мамандандырылған
Архив ғимаратын салу

жыл

2025

-

-

7.

1991 жылдан бастап Тәуелсіздік кезеңі архивінің қорларын (120 мың сақтау бірлігі) Нұр-Сұлтан қаласына көшіру

%

-

100

-

8.

ҰАҚ құжаттарының құрамына енгізілген 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша ҚР ІІМ-нің, ҰҚК-нің, Бас прокуратурасының АрМА құжаттарының үлесі

%

40

80

100

9.

Жыл сайын шығарылатын құжаттық жинақтардың, ғылыми және өзге де жарияланымдардың саны

бірлік

10

15

20

10.

Құжаттарды беру уақыты

күн

15

10

1

11.

Архивтің ақпараттық және ғылыми-практикалық қызметіне тартылған Қазақстанның архив мекемелерінің үлесі

%

30

50

90

12.

Зерттеушілерге Оқу залы арқылы берілетін архив құжаттарының электрондық кескіндерінің үлесі

%

50

70

100

13.

Қағаз жеткізгіштердегі басқару құжаттарының цифрлық кескіндерінің үлесі

%

50

70

100

14.

Архив қорларынан деректі контенті бар интернет-беттерге кіру саны

жылына млн

0,4

0,7

1

15.

Толық мәтінді интеллектуалдық (smart) іздеу жүйесіне қосылған Архивтің бірыңғай ақпараттық-іздестіру жүйесінің ДБ құжаттарының үлесі

%

50

70

100

16.

Бейінді жоғары білімі бар Архив қызметкерлерінің үлесі

%

40

65

85

17.

Гуманитарлық ғылымдар бойынша ғылыми зерттеулер нәтижелерін жариялауға ұсынылатын рейтингтік басылымдар қатарында Архив бюллетенінің дәйексөз индексі

h-индексі

1

3

5

18.

Архивті жинақтау көздері болып табылатын мемлекеттік ұйымдарда «е-Архив» АЖ-ны енгізу

%

100

-

-

19.

Жыл сайын шетелдік және отандық тағылымдамалар мен кадрларды қайта даярлау курстары арқылы өз біліктілігін арттыратын Архив қызметкерлерінің саны

адам

5

10

15

20.

Архивтің құжаттану және архив ісі саласындағы ғылыми-қолданбалы және әдістемелік шешімдерінің нәтижелерін енгізудің жыл сайынғы үлесі

%

10

30

50

21.

Архив жұмысын цифрландырудың платформалық шешімдерінің саны

бірлік

2

5

7

7. Күтілетін нәтижелер

Архивті 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын іске асыру цифрлық трансформация және қағазсыз технологияларға көшу жөніндегі мемлекеттік саясаттың мақсаттарына жауап береді. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу бұлтты жұмыс және авторландыру сервистерін пайдалана отырып, бірыңғай цифрлық ортада Архивтің тұтас ғылыми, әдістемелік және білімдік экожүйесін және оны жинақтау көздерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Қашықтан жұмыс істеу сервистерін пайдалану арқылы Архивтің IT-инфрақұрылымын дамыту өзінің нысаны, шығу тегі мен мазмұны жөнінен әртүрлі архив құжаттарына (мәтіндер, бейнелеу құжаттары, тарихи карталар, аудио-, бейнеқұжаттар және т.б.) онлайн-қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ақпараттық жүйелерді Интернеттің жаһандық ашық желісіне интеграциялау Архивтің ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік қызметінің бағыты мен мазмұнын сапалы түрде өзгертеді, жаңа интерактивті ғылыми және білім беру веб-ресурстарының (әлеуметтік желілер, интернет-форумдар, тақырыптық веб-сайттар) пайда болуына алып келеді. Деректерді талдау құралдарын белсенді пайдалану қоғамға пайдалы архивтік ақпаратты іздеу мен алудың зияткерлік жүйесінің негізгі құрамдасы ретінде «білім базасын» қалыптастырады.

Архив жұмысында адамның ақпаратқа, құрамына архивтік құжаттар да жататын мәдени құндылықтарға қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету басым жағдайға ие болады. Архивтің қоғаммен өзара іс-қимылында адамға бағдарланған тәсіл Архив пен оның қорларының ашықтығы, инклюзия қағидаттарын сақтау, азаматтардың ретроспективті ақпаратқа сұрау салуы бойынша теріс нәтижелердің нөлдік шегіне жету, жұмыстағы жеделділік, әріптестік және түпкілікті нәтижеге бағдарлану саясаты арқылы көрініс табатын болады. Көрсетілген шаралар Архив жұмысы идеологиясының ақпаратты еркін пайдалану мен ел қауіпсіздігіне, сондай-ақ азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделеріне қатысты архивтік құжаттарға шектеулі қол жеткізудің айқын қағидаттары бар аса маңызды аспектісіне айналады.