20.01.2026
Ұлттық құрылтай: ел дамуының жаңа басымдықтары айқындалды
Бүгін, 20 қаңтарда, Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай отырысы өтті. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтай мүшелері, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина қатысты.
Кеше құрылтайдың төрт секциясы өз отырыстарын өткізді. Онда әлеуметтік-мәдени даму, ғылым мен білім, ұлттық бірегейлік, мемлекеттік басқару және өңірлік саясат мәселелері кеңінен талқыланды. Соның аясында құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 200-ден астам ұсыныс айтты.
V Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қызылорда өңірінің дамуына және ел көлеміндегі өзекті мәселелерге қатысты бірқатар маңызды бастамаларға тоқталды. Президент мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, қоғамдық институттардың рөлін күшейту және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында тарихи мұраны сақтап, оны терең зерделеуге жол ашылатынын атап өтті.
«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе. Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Президент.
Осы тұста Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде 31 миллионнан астам парақ құжат цифрлық форматқа көшірілгенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда пайдаланушыларға берілетін істердің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта қолжетімді. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса бермек.
Құрылтай барысында келесі негізгі мәселелер көтерілді:
· Жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру ұсынылды, ондағы депутаттар саны 145 болуы мүмкін;
· Вице-президент лауазымын енгізу мәселесі көтерілді;
· Мемлекеттік кеңесші лауазымын жою ұсынылды;
· Қазақстанда жаңа консультативтік орган - Халық Кеңесі құрылады. Ол заң шығару бастамасына ие болады. Мемлекет басшысы кеңес құрамын 126 адамнан асырмауды ұсынды. Этномәдени бірлестіктерден 42, қоғамдық бірлестіктерден 42, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден 42 өкіл болу керектігі де айтылды. Кеңес отырыстары жылына бір рет өтеді.
· Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды, комиссия барлық ұсынысты сараптап, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Оның құрамына 100-ден астам адам енеді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгіленеді. Конституцияның преамбуласы ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтындай қайта жазылады.
· Халықаралық экология саммитінде Арал теңізі мәселесі қаралады;
· ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуге лайық бірқатар тарихи-мәдени нысандар аталғаны айтылды. Сондай-ақ «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан арылу қажеттігі сөз болды;
· Мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум басталады, ал Қазақстан тарихының жаңа жеті томдығы жыл соңына дейін аяқталады.
· Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламенттегі арнайы квотасын алып тасталады.
Айта кетейік, төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Кеше алқалы жиында Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина архив саласында деректер көлемінің күрт өсуіне байланысты цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін атап өтіп, бұл іске еріктілерді тарту бастамасын ұсынды.