03.10.2022

Дәлелхан Жаналтайдың 100 жылдығы

2022 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Отандастар қоры бірлесіп «Архив және қоғам. Тәуелсіз Қазақстан тұлғалары: Дәлелхан Жаналтай» тақырыбындағы дөңгелек үстел мен тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Іс-шара шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, қоғамдық-саяси қайраткер Дәлелхан Жаналтайдың (1922-2012) дүниеге келгеніне 100 жыл толуына арналған. Көрмеде ұсынылған архивтік құжаттар Қазақстан Республикасы Президенті Архивіндегі Д. Жаналтайдың жеке қорында мемлекеттік сақтауда.

Дәлелхан Жаналтай 1922 жылы 15 маусымда Алтай ауданы (қазіргі Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы) Алтай аймағындағы Өрмегейті жайлауында дүниеге келген. Дiни медресенi бiтiріп, 1937 жылы әкесiмен бiрге қaжылық парызын өтеген. 1940 жылдан бастап қоғамдық қызметке кіріскен. 60-шы жылдары Түркияға қоныс аударған. Д.Жаналтай «Қилы заман, қиын күндер» кітабының авторы. Ол оқу-ағарту жұмыстарымен қатар, қазақтардың, қырғыздар мен ұйғырлардың құқықтық қорғау қызметтерімен айналысқан. Дәлелхан Жаналтай қазақ тілімен қатар aрaб, қытaй, орыс, aғылшын, урду және түркi тiлдерiн жетік білген. Дөңгелек үстел жұмысына шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті қайраткерлері, Қазақстанға оралған қандастар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамы мен студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Дәлелхан Жанымханұлы Жаналтайдың туыстары қатысты.